Өртенген күйі табылған полицейдің видеосы тарады (ВИДЕО)

Өртенген күйі табылған полицейдің видеосы тарады (ВИДЕО)
Коллаж: видеодан кадр

Алматы облысында өртенген күйінде табылған полиция майоры Аслан Әлсеровтің видеосы тарады, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиғаға байланысты күдікке марқұмның жұбайы, екі ұлы және олардың 14 жастағы досы ілінген.

Айта кетейік, марқұмның әйелі де бұған дейін құқық қорғау саласында қызмет атқарған. Алайда ол биыл ақпанда жұмыстан кеткен. Туыстарының айтуынша, Аслан Әлсеров отбасында жиі жанжал шығарып, әйеліне бірнеше рет күш көрсеткен. Әйелдің денесіндегі жарақат іздерін көрсетіп, Бостандық аудандық полиция басқармасына бірнеше рет жүгінгені, алайда оның арыздары бойынша тиісті шара қабылданбағаны айтылып отыр.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қайғылы оқиға болған күні майор үйіне кеш келген. Үйде ұстараның жүзіне қатысты туындаған дау жанжалға ұласып, кейін төбелеске айналған. Осы кезде үйге ерлі-зайыптылардың 15 жастағы екі ұлы және олардың 14 жастағы досы келген.

Тергеу дерегінше, жасөспірімдердің бірі әкесінің басынан ауыр затпен соққы жасаған. Салдарынан ер адам есінен танып қалған. Кейін оның қол-аяғын киіммен байлап қойған.

Бұдан соң күдіктілер ер адамның денесін түн ішінде көпқабатты үйдің ауласында тұрған көлікке шығарып, көрпе немесе жаймаға орап алып кеткен деген болжам бар.

Көлік Алматы облысының Кеген ауданындағы ауылдардың бірі арқылы өтіп, Көкпек–Көктал–Кеген тасжолынан шамамен жарты шақырым жердегі тауға қарай барған. Тергеу болжамынша, марқұмның денесі сол жерде өртелген.

Қазіргі уақытта марқұмның жұбайы, екі ұлы және олардың 14 жастағы досы қамауға алынған. Олардың процессуалдық мәртебесі бойынша тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.

Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу аяқталғанға дейін күдіктілердің кінәсі сот шешімімен дәлелденбегенін ескеру қажет.