Қырғызстанның Тоқмок қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ауыр дерек анықталды. Тергеу мәліметінше, ер адам бірге тұратын әйелі мен оның екі кәмелетке толмаған баласына бірнеше жыл бойы күш көрсетіп келген, деп хабарлайды ult.kz.
2026 жылғы 3 тамызда 1993 жылы туған әйел құқық қорғау органдарына арызданған. Ол бірге тұратын 1988 жылы туған азаматтың соңғы үш жыл ішінде өзін және екі баласын үнемі ұрып-соғып, қорлық көрсеткенін мәлімдеген.
Тексеру барысында күдіктінің әйел мен балаларға электр тогымен әсер ететін құрылғыны (электрошокер) қолданып, белдікпен ұрғаны анықталған. Соның салдарынан жәбірленушілер түрлі дене жарақатын алған.
Қазір әйел мен оның екі баласына қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Аталған дерек бойынша Тоқмок қалалық ішкі істер бөлімі Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 138-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. 1988 жылы туған ер адам күдікті ретінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.