27 шілдеде Наташа Қалымбетованың анасы өмірден өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы НемолчиKZ қоры хабарлады.
“Біз оның бұл ауыр қазаны қаншалықты қиын қабылдап жатқанын білеміз және барынша қолдау білдіргіміз келеді”, - деп жазды қор.
Наташа тікелей эфирге шығып, жүректі сыздатқан сөздер айтты. Ол өмірден өткен анасына арнап:
«Саған еш кінәң жоқ екенін дәлелдегім келді. Екеуміз сол ауылға бірге барып, барлығына кінәлілердің жазаланғанын, әділдік бар екенін көрсеткім келді. Бірақ үлгермедім», – деді.
Наташа Қалымбетова кім?
Наташа Қалымбетова – осыдан 32 жыл бұрын топтық зорлықтың құрбаны болған қазақстандық әйел. Ол 2026 жылы әлеуметтік желіде өз оқиғасын алғаш рет ашық айтып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осыдан кейін Батыс Қазақстан облысының полициясы қылмыстық іс қозғап, көп жылдан бері жабық қалған оқиғаны қайта тергеуге кірісті.
Наташаның айтуынша, 1994 жылы 17 жасында ауылдағы кештен қайтып келе жатқанда өзін төрт ер адам күштеп әкетіп, зорлаған. Оқиғадан кейін ол жүкті болып, қыз баланы дүниеге әкелген. Алайда түрлі жағдайларға байланысты сәбиінен айырылған.
32 жыл бойы үнсіз келген Наташа Қалымбетова бұл оқиғаны жариялаудағы мақсаты тек кінәлілердің жазалануына қол жеткізу емес, сонымен қатар зорлық көрген әйелдердің кінәсіз екенін дәлелдеу екенін айтты. Оның сөзінше, жәбірленушілер емес, қылмыскерлер қоғам алдында жауап беруі тиіс.
Қазіргі таңда Наташа Қалымбетова өзіне қатысты істің әділ тергелуін талап етіп, құқық қорғау органдарына жүгініп жүр. Сонымен бірге ол осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын айырылып қалған қызын іздеуді жалғастырып келеді. Бұл оқиға Қазақстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін қайта көтеріп, қоғамда кең талқыланған тақырыптардың біріне айналды.