NASA Айда тұрақты адам қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа Moon Base бағдарламасын таныстырды. Жоба аясында Айға роверлер, қону аппараттары мен дрондар жіберіледі, деп хабарлайды ult.kz skyandtelescope.org-ке сілтеме жасап.
Ғарыш агенттігі алғашқы кезеңге АҚШ-тың жетекші аэроғарыш компанияларымен 700 миллион доллардан астам келісімшарт жасаған. Толық жоба құны шамамен 20 миллиард долларға бағаланып отыр.
NASA жоспарына сәйкес, 2026-2029 жылдары Ай бетінде алғашқы зерттеулер жүргізіліп, технологиялар сыналады. 2029-2032 жылдары базаның бастапқы инфрақұрылымы іске қосылады, ал 2032 жылдан кейін Айда жартылай тұрақты адам қатысуын қалыптастыру көзделген.
2026 жылы жүзеге асырылатын алғашқы үш миссия Ай бетінің ерекшеліктерін зерттеуге бағытталады. Сонымен қатар ғалымдар Айдың пайда болуы, эволюциясы және құрылымы туралы маңызды деректер жинамақ.
NASA сондай-ақ Astrolab және Lunar Outpost компанияларына 2028 жылға дейін бір тоннаға дейінгі ай роверлерін әзірлеуге шамамен 220 миллион доллардан бөлді. Ал Blue Origin компаниясы Айға жеткізілетін аппараттарды жасауға 280 миллион долларға дейін қаржы алады.
Дегенмен сарапшылар жобаның мерзімі тым қысқа екенін атап өтуде. Бұған қоса, Blue Origin компаниясының New Glenn зымыраны жақында сынақ кезінде жарылып, бағдарламаның уақытында орындалуына қатысты сұрақтар туындады.
NASA болашақта Айдың оңтүстік полюсіне ерекше назар аудармақ. Ғалымдардың пікірінше, бұл аймақта мұз түріндегі су қоры болуы мүмкін, ал ол болашақтағы ғарыштық миссиялар үшін маңызды ресурс саналады.