Өзбекстанның Сурхандария облысында келіншекті бес айлық сәбиімен бірге бірнеше ай бойы мал қорасында заңсыз ұстап, азаптаған отбасы мүшелеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 2025 жылдың тамыз айында Ұзын ауданында болған. Тергеу мәліметінше, ер адам жүкті әйелді үйіне бірге тұру үшін алып келген. Ол кезде келіншек жүктіліктің алтыншы айында болған. Алайда ер адам оған ресми түрде үйленбей, туыстарымен бірге әйелді мал қорасына қамап, бостандығынан айырған.
Іс материалдарына сәйкес, жәбірленушінің сөйлеу қабілетінде ақау болғандықтан, ол ешкімнен көмек сұрай алмаған. Қораның есігі сыртынан сыммен байланып, әйел кейде қол-аяғы байлаулы күйде ұсталған. Оған үнемі күш көрсетіліп, дұрыс тамақ берілмегендіктен, қарбыз қабығы мен мал азығын жеп жан сақтауға мәжбүр болған.
Әйел дәл сол қорада медициналық көмексіз босанып, сәбиін дүниеге әкелген. Алайда арада екі күн өткенде нәрестені анасынан тартып алып, келіншекті қайтадан қораға қамап қойған. Кейін көршілердің күдігі негізінде құқық қорғау органдары араласып, әйел құтқарылған.
Бұл іс бойынша күйеуі, оның анасы және тағы екі туысы сот алдында жауап берді. Сот шешімімен негізгі айыпталушы 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы екі әйел 9 жылдан бас бостандығынан айырылса, енесі 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Олар заңсыз бас бостандығынан айыру, отбасылық зорлық-зомбылық, адам саудасына оқталу және өзге де ауыр қылмыстар бойынша кінәлі деп танылды.