Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Президенттің өтініші бойынша жаңа Конституциядағы лауазымдарға қайта сайлану және тағайындалу тәртібіне қатысты ресми түсіндірме берді, деп хабарлайды ult.kz.
Сот қараған мәселе – 1995 жылғы Конституция бойынша белгілі бір мемлекеттік қызметтерді атқарған азаматтардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін сол лауазымдарға қайта сайлана немесе тағайындала ала ма деген сұрақ болды.
Конституциялық Соттың түсіндіруінше, жаңа Конституцияда белгіленген мерзімдік және өзге де шектеулер тек 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейінгі сайлану немесе тағайындалу жағдайларына қолданылады. Ал 1995 жылғы Конституция кезеңінде атқарылған қызмет пен сол кездегі сайлану немесе тағайындалу бұл есепке кірмейді.
Осыған байланысты 1995 жылғы Конституция кезінде белгілі бір лауазымды атқарған азаматтардың жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін сол қызметке қайта сайлануына немесе тағайындалуына ешқандай конституциялық кедергі жоқ.
Басқаша айтқанда, 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін мұндай азаматтың лауазымға қайта сайлануы немесе тағайындалуы заң жүзінде алғашқы рет сайлану немесе тағайындалу ретінде есептеледі.
Осылайша Конституциялық Сот Президенттің өтініші бойынша жаңа Конституциядағы тиісті нормаларға ресми түсіндірме беріп, 1995 жылғы Конституция кезеңіндегі қызмет мерзімі жаңа Конституциядағы шектеулерді есептеу кезінде ескерілмейтінін нақтылады.