Каспийдегі қасірет: синоптиктер қолайсыз ауа райын алдын ала ескерткен

Каспийдегі қасірет: синоптиктер қолайсыз ауа райын алдын ала ескерткен
Коллаж: ult.kz

Каспий теңізінде әскери қызметшілер қаза тапқан қайғылы оқиғадан кейін Маңғыстау облысындағы ауа райы болжамы назарға ілікті, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы ақтаулық блогер Азамат Сәнсенбаев айтты. 24 қыркүйекте Қазгидромет өңірде қолайсыз ауа райы күтілетінін айтып, дауылды ескерту жариялаған. Болжам бойынша, облыстың батысы, солтүстігі және орталығында оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін болған. Сонымен қатар солтүстік пен орталық аудандарда шаңды дауыл болуы ықтимал екені ескертілген.

Синоптиктер 25 қыркүйекке жасаған болжамда да облыстың солтүстік-батысында жаңбыр мен найзағай күтілетінін хабарлаған. Түнде желдің екпіні 15–18 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін болған.

Әскери қызметшілердің қазасынан кейін әлеуметтік желі қолданушылары оқиғаны өңірдегі қолайсыз ауа райымен байланыстыра бастады. Кейбір азаматтар дауылды ескертуге қарамастан оқу-жаттығу өткізу туралы шешім қабылдаған жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуі керек деген пікір білдірді.

Алайда әскери қызметшілердің қаза болуына ауа райының нақты әсері болған-болмағаны әзірге ресми түрде айтылған жоқ. Оқиғаның себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.