Иран қысқа уақыт ішінде АҚШ-тың алдын қалай орап кетті?

Иран қысқа уақыт ішінде АҚШ-тың алдын қалай орап кетті?
Фото: Ult.kz коллажы

Иран АҚШ-пен арадағы қысқа мерзімді теңіздегі шиеленісті бәсеңдету кезеңін тиімді пайдаланып, Азия елдеріне шамамен 6 миллиард доллардың мұнайын экспорттаған. Сарапшылардың бағалауынша, осы аралықта елден 70 миллион баррельге жуық мұнай жөнелтілген, деп хабарлайды ult.kz.

Энергетика нарығын бақылайтын халықаралық сарапшылардың мәліметінше, экспортқа дайын тұрған 20-ға жуық ирандық супертанкер шектеулер уақытша жеңілдеген сәтте бірден теңізге шыққан. Жүктердің басым бөлігі Қытай бастаған Шығыс Азия мемлекеттеріне бағытталған.

Маусым айының соңынан бастап спутниктік бақылау жүйелері Малайзияның шығысындағы теңіз аймағына бірнеше алып танкердің шоғырланғанын тіркеген. Алғашқылардың қатарында Diuna, Hero 2 және Sonia 1 кемелері болса, кейін оларға Stream танкері қосылған.

Зерттеуде айтылғандай, АҚШ қысымды қайта күшейтіп, Иран мұнайының экспортына шектеулер енгізген жағдайда мұндай көлемдегі табыс Тегеран үшін аса маңызды саналады.

Мұнайды өткізу үшін Иран бұрыннан қолданылып келе жатқан логистикалық схемаларды қайта іске қосқан. Танкерлер алдымен Малайзия аумағынан тыс орналасқан арнайы теңіз рейдіне барады. Бұл аймақ Парсы шығанағы мен Қытай арасындағы негізгі транзиттік нүктелердің бірі саналады.

Дәл осы жерде мұнай бір кемеден екінші кемеге құйылады. Көп жағдайда қабылдап алатын кемелер басқа елдердің туын пайдаланады және қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін автоматты сәйкестендіру жүйелерін әдейі өшіріп тастайды. Соның арқасында нақты бағытты бақылау айтарлықтай қиындайды.

Малайзия маңында қайта тиеуден өткен мұнай кейін Қытайдың Шаньдун провинциясындағы тәуелсіз мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіледі.

Бұл кәсіпорындар ирандық шикізатты халықаралық нарық бағасынан төмен құнмен сатып алып, есеп айырысуды долларсыз жүйе арқылы, негізінен юаньмен жүргізеді.

Сарапшылардың пікірінше, дәл осы көпсатылы логистикалық желі АҚШ-тың бақылау органдарына мұнайдың нақты қозғалысын анықтауды қиындатады. Нәтижесінде санкцияларды толық көлемде іске асыру мүмкін болмай отыр.

Энергетика нарығын зерттеушілер Иранның ашылған мүмкіндікті өте жылдам пайдаланғанын атап өтеді.

17 маусымда АҚШ-пен арадағы шиеленісті уақытша төмендету жөніндегі келісім жасалғаннан кейін Чабахар порты мен Парсы шығанағындағы терминалдарда алдын ала тиеліп тұрған танкерлер бірден Үнді мұхиты арқылы Шығыс Азия бағытына бет алған.

Бұл кемелер халықаралық сарапшылар арасында «көлеңкелі флот» немесе «елес флот» деген атаумен белгілі. Олар Ормуз бұғазын айналып өтетін Чабахар бағытын пайдалану арқылы экспорт көлемін бірнеше жылдың ішіндегі ең жоғары деңгейге дейін жеткізген.

Танкерлердің қозғалысын бақылайтын жүйелердің соңғы мәліметіне сәйкес, маусымның екінші жартысында Иран Қытай бағытына шамамен 50 миллион баррель мұнай мен газ конденсатын жөнелткен.

Мұндай көрсеткіш соңғы жылдардағы рекордтық деңгей ретінде бағаланып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл көлем Иранның Қытайға бұрын бір ай ішінде экспорттайтын мұнай мөлшеріне шамалас. Бұған дейін мұндай көрсеткіштер әскери шиеленіс күшеймей тұрған кезеңде ғана тіркелген.