Ішкі істер министрлігі азаматтарды Telegram мессенджері арқылы жүзеге асырылып жатқан алаяқтықтың жаңа түрінен сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, қаскөйлер мемлекеттік органдардың, компаниялар мен ұйымдардың басшыларының атын жамылып, қызметкерлерге хабарлама жібереді. Ол үшін олар нақты басшылардың фотосуреттері мен жеке деректерін пайдаланып, жалған аккаунттар ашады.
Алаяқтар директордың немесе басқа да лауазымды тұлғаның атынан ұйым қызметкерлерінен көрсетілген есепшотқа шұғыл түрде ақша аударуды, белгілі бір қызметтің ақысын төлеуді немесе өзге де қаржылық операцияларды орындауды талап етеді.
Мұндай хабарламалар көбіне бухгалтерлерге, қаржы бөлімінің мамандарына және ұйым қаражатына қол жеткізе алатын қызметкерлерге жіберіледі.
Осыған байланысты ІІМ азаматтарға мынадай сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:
күмәнді хабарлама алған жағдайда ешқандай ақша аудармаңыз және қаржылық операция жасамаңыз;
міндетті түрде басшымен телефон арқылы немесе жеке сөйлесіп, тапсырманың рас-өтірігін нақтылаңыз;
жіберушінің аккаунтын, телефон нөмірін және хабарлама мазмұнын мұқият тексеріңіз;
күмән туындаса, хат алмасуды тоқтатып, бұл туралы ұйым басшылығына және жауапты қызметкерлерге дереу хабарлаңыз.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, қарапайым сақтық пен қырағылық азаматтардың қаржысын қорғап, алаяқтардың арбауына түсудің алдын алуға мүмкіндік береді.