Маңғыстау облысында малын қараусыз қалдырған түйе иелері теміржол компаниясына келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді. Үш түйенің пойыз астында қалуы салдарынан тасымалдаушыға 251 мың теңгеден астам залал келген. Сот шығынды мал иелерінен өндіріп алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды ult.kz.
Жоғарғы соттың мәліметінше, Бейнеу – Маңғыстау бағытында келе жатқан жүк пойызының алдынан үш түйе шығып кеткен. Машинист шұғыл тежеуді қолданғанымен, соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған.
Оқиға салдарынан үш түйе өлген. Сонымен қатар пойыз қозғалысы бір жарым сағатқа кідірген. Тасымалдаушыға келтірілген материалдық шығын 251 мың теңгеден асқан.
Тексеру барысында жануарлардың иелері анықталып, олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 559-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылған.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, теміржолдың бөлінген жолағында мал жаюға және белгіленбеген жерлерден жануарларды теміржол арқылы айдап өтуге тыйым салынады. Ал Азаматтық кодекстің 917-бабына сәйкес, өзгенің мүлкіне келтірілген зиянды кінәлі тұлға толық көлемде өтеуге міндетті.
Осыған байланысты Маңғыстау аудандық соты тасымалдаушы компанияның талап арызын толық қанағаттандырды. Түйе иелерінен 251 мың теңгеден астам материалдық шығын және сот шығындары өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.