Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Бес адамның өмірін қиған өрт: камераға түсіп қалған әйелдің әрекеті тексеріліп жатыр

Бес адамның өмірін қиған өрт: камераға түсіп қалған әйелдің әрекеті тексеріліп жатыр
t.me/kozachkow

Алматының Бостандық ауданында бес адамның өмірін қиған өртке қатысты жаңа деректер жарияланды. Тергеу органдары баспананы қасақана өртеу нұсқасын да қарастырып жатыр. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы болуы мүмкін әйелдің жеке басын анықтаған. Алайда оның өртке қатысы бар-жоғы әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Әлеуметтік желіде тараған бейнебақылау камерасының жазбасында өрт басталардан бірнеше минут бұрын ғимаратқа қара күртеше мен сұр бас киім киген әйелдің кіргені көрінеді. Ол үйде аз уақыт болып, асығыс сыртқа шығып кеткен. Көп ұзамай ғимараттан қою түтін көтеріле бастаған.

Қазір қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Аталған бап абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға қатысты. Бұл қылмыс үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске салайық, 26 қарашаға қараған түні Алматыдағы Вахтангов көшесінде орналасқан сегіз бөлмелі жеке тұрғын үй өртенді. Үйде меншік иелерімен бірге бірнеше отбасы жалдамалы пәтерде тұрған.

Тілсіз жау салдарынан бес адам қаза тапты. Олардың арасында Өзбекстанның екі азаматы, 64 жастағы әйел мен оның 41 жастағы қызы, сондай-ақ тоғыз жасар қыз бала бар.

Бұған дейін өрттің кек алу мақсатында әдейі қойылуы мүмкін деген болжам айтылған еді. Қазір бейнебақылау камераларындағы жазбалар мен оқиғаға қатысты өзге де деректер тергеу аясында тексеріліп жатыр.