Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

10 жыл бойы здеуде жүрген күдікті Испаниядан Қазақстанға экстрадицияланды

10 жыл бойы здеуде жүрген күдікті Испаниядан Қазақстанға экстрадицияланды
Ашық дереккөз

Астанада осыдан он жыл бұрын қарақшылық шабуыл жасап, шетелге қашып кеткен күдікті Испаниядан Қазақстанға жеткізілді. Ол екі сыбайласымен бірге тұрғынның үйіне басып кіріп, үй иесін пышақпен жарақаттаған. Кейін ақша, зергерлік бұйымдар мен электрондық құрылғыларды үптеп кеткен, деп хабарлайды ult.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, күдіктіні елге қайтару операциясына Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің Интерпол ұлттық орталық бюросы және Қазақстанның Испаниядағы елшілігі атсалысқан.

Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті сыбайластарымен бірге қылмысқа алдын ала дайындалған. Олар бетперде мен қолғап алып, жәбірленушінің үйіне терезе арқылы кірген. Үй иесін күшпен бағындырып, пышақпен жарақаттаған соң, үйдегі ақша мен бағалы заттарды алып кеткен.

Қылмысқа қатысушылардың бірі көп ұзамай ұсталып, 11 жылға сотталған. Ал қалған екі күдікті тергеуден бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.

— Іздеуде жүрген күдіктілердің бірі Мадрид қаласында ұсталды. Бас прокуратураның сұрауы бойынша ол Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды, — деп хабарлады ведомство.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, күдікті кінәсі дәлелденіп, сотталған жағдайда мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.