Премьер-министр Олжас Бектенов «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің директорлар кеңесі отырысын өткізіп, 2027 жылға арналған бюджетін бекітті. Келесі жылы холдинг экономикаға 8 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ult.kz.
Жоспар бойынша, өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым және агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі шамамен 1,17 триллион теңгеге жетеді.
Сонымен қатар холдингтің қатысуымен тұрғын үй секторында 2,7 миллион шаршы метрге жуық баспана пайдалануға берілуі көзделген.
Жобаларды қаржыландыру үшін «Бәйтерек» нарықтан қаражат тартуды жалғастырады. 2027 жылы мемлекеттік емес қаржы көздерінен алынатын қаражат холдингтің жалпы қарызының 54 пайызын құрауы мүмкін.
Холдингтің алдағы жұмысы инвестициялық тиімділікті арттыруға және экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталады. Осы мақсатта кәсіпорындардың кірісі, экспорт көлемі және негізгі капиталға салынатын инвестиция көрсеткіштері басты назарға алынған.
Сондай-ақ жаңа өндірістерді іске қосу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттыру үшін банктер мен жеке инвесторларды жобаларды қаржыландыруға тарту жоспарланып отыр.
Отырыс қорытындысында Олжас Бектенов холдингтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі мен ішкі аудит жұмысының тиімділігін арттыруды тапсырды. Премьер-министр сатып алу рәсімдерін бақылауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.