PhD, қауымдастырылған профессор, Maqsut Narikbayev University профессоры, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі Мүслим Хасенов Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі — оның философиясының өзгеруінде деп есептейді.
"Тоқсан бесінші жылғы Конституция негізінен саяси-құқықтық құжат болса, жиырма алтыншы жылғы Конституция құндылықтық және стратегиялық сипаттағы құжатқа айналды. Ол қазақ мемлекеттілігін дамытудың ұзақ мерзімді бағдарларын айқындайды әрі адами капиталды дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде белгілейді. Конституцияның бүкіл мәтінінен ұлттық бірегейлік айқын аңғарылып, қазақ мемлекеттілігінің сабақтастық негіздері көрініс табады. Сондай-ақ онда билікті ұйымдастыру қағидаттарымен қатар қоғам дамуының құндылықтары да бекітілген, бұл — қазақстандық конституционализмнің дамуындағы маңызды кезең", — дейді ол.