Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai әуе компаниясының FZ1073 рейсінде төтенше жағдай болып, ұшақ бағытын өзгертіп, Сауд Арабиясының Табук қаласына шұғыл қонды. Бортта 174 адам болған, деп хабарлайды ult.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшу кезінде ұшқыштар арасында жанжал шыққан. Бір ұшқыш екіншісіне пышақпен шабуыл жасаған. Салдарынан капитан жарақат алған.
Оқиға кезінде ұшақ бірнеше минут ішінде шамамен 14 мың футқа төмендеген. Борттан алдымен жалпы төтенше жағдайды білдіретін 7700, кейін әуе кемесіне заңсыз араласу немесе басып алу қаупін білдіретін 7500 сигналы берілген.
Жолаушылар мен борттағы экипаж мүшелері кабинаға кіріп, шабуыл жасаған ұшқышты залалсыздандырған. Сондай-ақ бортта болған қосалқы ұшқыштар әуе кемесін басқаруды қолға алып, оны Табук әуежайына қауіпсіз қондырған.

Ұшақ капитаны мен екінші ұшқыш ауруханаға жеткізілген. Шабуыл жасаған ұшқыш Сауд Арабиясында ұсталғаны хабарланды. Оның әрекетінің нақты себебі әзірге белгісіз.
Flydubai компаниясы рейстегі «кабинадағы жанжал» фактісін растады. Компания тергеу аяқталғанша Израильге және Израильден орындалатын рейстерді уақытша тоқтататынын мәлімдеді.
Оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Кейбір израильдік шенеуніктер бұл әрекетті әуе кемесін қасақана құлатуға жасалған әрекет ретінде бағалағанымен, оқиғаның нақты себебі мен шабуыл жасаған адамның уәжі ресми түрде әлі анықталған жоқ.