Димаш Құдайберген - тек әнші ғана емес, қазақ мәдениетін әлемге танытқан ерекше өнер иесі. Ол шығармашылығында классикалық вокал, заманауи эстрада және қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын үйлестіре білді. Алты октаваны қамтитын сирек дауыс диапазонының арқасында төменгі регистрден сопрано мен аса жоғары ысқырық регистріне дейін еркін орындай алады. Осы ерекшелігі оны бүгінгі заманның ең кәсіби вокалистерінің қатарына қосты, дер хабарлайды Ult.kz.
Өнерге бастаған отбасы
Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген 1994 жылғы 24 мамырда Ақтөбе қаласында өнерлі отбасында дүниеге келген. Қазақы дәстүрге сай оның тәрбиесіне негізінен әжесі Миуа Низамутдинова мен атасы Құдайберген Айтбаев ерекше көңіл бөлді. Болашақ әнші атасының есімін иеленген.
Атасы Димашқа домбыра тартуды үйретсе, әжесі аяғы ауырса да күн сайын немересін музыка мектебіне өзі апарып, алып қайтқан. Ұстаздары оның абсолютті есту қабілетін бес жасында-ақ байқап, сол кезден бастап кәсіби музыкалық білім алуға жол ашылды.
Әлемдік сахнаға бастаған жол
Димаштың шығармашылық жолы халықаралық байқаулардағы жеңістерден басталды. Ол Қазақстандағы «Жас қанат», Қырғызстандағы «Мейкин Азия» секілді беделді додада топ жарып, өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленді.
Алайда оның әлемдік деңгейдегі үлкен серпілісі 2017 жылы Қытайдағы Singer жобасынан кейін болды. Байқауда екінші орын алған Димаш аз уақыттың ішінде миллиондаған көрерменнің сүйікті әншісіне айналды. Қытайлық жанкүйерлер оны мәдениеттерді жақындастырған өнер иесі деп бағалады. Ол қазақ, қытай, француз, итальян және басқа да көптеген тілде еркін ән орындайды.
Ұстанымынан айнымайтын өнер иесі
Димаш тек ерекше дауысымен емес, өмірлік ұстанымымен де көптің құрметіне ие.
2019 жылы ол АҚШ-тың CBS телеарнасындағы The World's Best шоуынан өз еркімен кетті. Себебі жоба аясында балалармен өнер сайысына түсуі керек болған. Димаш қазақ халқының дәстүрінде үлкеннің кішімен бәсекеге түсуі емес, керісінше қолдау көрсетуі маңызды екенін айтып, байқаудан бас тартты.
Бұл шешім қазылар арасында түрлі пікір тудырғанымен, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері оның бұл қадамын жоғары бағалады.
Шығармашылық еркіндік - басты қағидасы
Көптеген әлемдік жұлдыздардан өзгеше, Димаш продюсерлік орталықтармен немесе ірі музыкалық лейблдермен жұмыс істемейді. Ол шығармашылық еркіндігін сақтауды жөн көреді.
Әншінің барлық жобасын әкесі жетекшілік ететін DimashAli Creative Center жүзеге асырады. Композиция мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған Димаш өз әндерінің музыкасын өзі жазып, ауқымды жобаларды да өзі әзірлейді. Соның бірі - соғысқа қарсы идеяны көтеретін The Story of One Sky музыкалық фильмі.
2026 жылы Макаода өткен Weibo Gala марапатында ол алғаш рет продюсер ретінде халықаралық сыйлыққа ие болды.
«Dears» - әлемді біріктірген жанкүйерлер қауымдастығы
Димаштың жанкүйерлері өздерін Dears деп атайды. Бұл - әлемнің көптеген елінен құралған үлкен қауымдастық.
Олар қайырымдылық шараларын өткізіп, ағаш отырғызады, түрлі әлеуметтік бастамаларды қолдайды. Тіпті Димаштың құрметіне гүлдердің жаңа сұрыптарына оның есімі берілген жағдайлар да кездеседі.
Өнер иесінің өзі БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM) ізгі ниет елшісі ретінде бейбітшілік пен бірлікті насихаттап келеді. Оның Нью-Йорктегі Barclays Center мен Madison Square Garden секілді әйгілі сахналардағы концерттері де осы құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Табысқа жеткізген құпия
Музыка мамандары Димаштың дауысын әлі күнге дейін ерекше құбылыс ретінде бағалайды. Бірі оның вокалдық техникасын зерттесе, енді бірі оны «қайталанбас дауыс иесі» деп атайды.
Ал Димаштың өзі үшін музыка - ең алдымен сезім мен туған еліне қызмет етудің жолы. Әке-шешесінің айтуынша, оның бүгінгі жетістігінің негізінде ұзақ жылғы еңбек, қатаң тәртіп, зиянды әдеттерден алыс болу және өнерге деген шексіз махаббат жатыр.
Димаш Құдайберген өз талантының, ұлттық болмысына деген адалдығының және шығармашылық еркіндігінің арқасында көзі тірісінде-ақ әлем мойындаған тұлғаға айналды.