«Борат» бейнеленген жейде киген кореялық әнші қазақ халқынан кешірім сұрады

«Борат» бейнеленген жейде киген кореялық әнші қазақ халқынан кешірім сұрады
Сурет ашық дереккөзден алынған

Оңтүстіккореялық ENHYPEN тобының көшбасшысы Чонвон әлеуметтік желіде тараған сыннан кейін қазақстандықтардан кешірім сұрады, деп хабарлайды Ult.kz, qazaqshanews-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін Чонвон қазақстандық хореограф бастаған би трендін қайталап түсірген видеосын жариялаған. Алайда желі қолданушылары оның киген футболкасындағы «Борат» фильміне қатысты бейнеге назар аударған.

Пікір білдірушілердің айтуынша, бұл фильм Қазақстан туралы жалған әрі қорлайтын стереотиптердің таралуына себеп болған. Сондықтан мұндай бейнесі бар киімді пайдалану, әсіресе қазақстандық автордың трендіне қатысу кезінде, көпшілік тарапынан құрметсіздік ретінде қабылданған.

Осыдан кейін Чонвон тікелей эфирге шығып, жағдайға қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, ол футболкадағы бейненің «Борат» фильмімен байланысты екенін білмеген.

«Кейін бұл бейненің Қазақстандағы көптеген адамдар қорлайтын деп санайтын фильммен байланысты екенін білдім. Шынымды айтсам, мен мұны білмедім. Бірақ егер менің киген футболкам адамдарға жайсыздық тудырса, онда бұл - менің қателігім. Баршаңыздан шын жүректен кешірім сұраймын», - деді өнерпаз.

Чонвон сөзінің соңында даулы футболканы бірден лақтырып жібергенін және видеоны өшіріп тастағанын айтты. Сондай-ақ ол кешірім сұрауды ертерек жоспарлағанын, бірақ Қазақстанда түн болғандықтан үндеуін көпшілік көруі үшін таң атқанша күткенін жеткізді.