Бойы ұзын әкім кабинетіне сыймай қалып, бюджеттен ақша бөлдірген

Бойы ұзын әкім кабинетіне сыймай қалып, бюджеттен ақша бөлдірген

Германияның оңтүстігіндегі Райнау қаласының жаңа бургомистрі қызметіне кірісе салысымен күтпеген мәселеге тап болды. Бойы 198 сантиметр болатын әкім өз кабинетінің есігінен өте алмай шыққан. Соның салдарынан жергілікті билік есікті қайта жөндеуге және кеңсе жиһазын ауыстыруға 24 мың еуро бөлуді сұрады, деп хабарлайды ult.kz.

2026 жылдың көктемінде өткен сайлауда тәуелсіз кандидат Кристиан Франкен Райнау қаласының бургомистрі болып сайланған еді. Сайлауалды науқанында ол бюджет қаржысын ұқыпты басқаруға уәде беріп, «Адам. Экономика. Болашақ» ұранымен шыққан.

Алайда қызметіне кіріскеннен кейін оның бойы кабинет есігінің биіктігінен асып түсетіні белгілі болды. Әкімнің бойы – 198 сантиметр болса, есік ойығының биіктігі небәрі 190 сантиметр. Осыған байланысты әкімдік есікті қайта бейімдеуге қосымша 12 мың еуро бөлуді сұраған.

Бұл бастама жергілікті тұрғындар мен БАҚ арасында қызу пікірталас туғызды. Әсіресе, көпшіліктің наразылығын есіктің небәрі екі жыл бұрын, 2024 жылы ғана жаңартылғаны күшейткен. Бұған қоса, әкімнің бойына сәйкес келмейтін ескі жұмыс үстелі мен мониторды ауыстыру үшін тағы 12 мың еуро қажет екені айтылған.

Сын күшейген соң қала әкімдігі арнайы түсіндірме жариялады. Онда бұл шығындардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмыс барысында жарақат алу қаупін азайту мақсатында жоспарланғаны айтылған.

Ал Кристиан Франкеннің өзі қызметке кіріскеннен кейін есіктің жақтауына бір рет басын соғып алғанын айтып, әзілмен: «Егер жөндеу жасалмаса, маған тек дулыға ғана көмектеседі», – деген.