Қазнетте үш блогердің тікелей эфир кезінде айтқан сөзі қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Эфир барысында көрермендердің бірі елде жарияланған қаралы күнге қатысты сұрақ қойған. Осы кезде блогерлердің бірі қаза болған азаматтарға қатысты пікір білдіріп, «Олар біз үшін қаза тапты ма?» деген мазмұнда сөз айтқан.
Бұл пікір әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Желіде көпшілік қаза болған азаматтарға қатысты мұндай сөздің орынсыз екенін айтып, блогерді сынға алды.
Тікелей эфирдегі өзге блогерлердің де әңгімесі әлеуметтік желіде талқыланып, видеодан үзінділер түрлі парақшаларда тарады.
Каспийдегі 14 сарбаздың қазасы: не белгілі?
Оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің «Хазар Қорғаны–2026» оқу-жаттығуы кезінде болған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметші ашық теңізге ағып кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.
Бастапқыда 9, кейін 12 адамның қаза болғаны хабарланған. 25 қыркүйек күні сағат 09:15 шамасында із-түзсіз жоғалған сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылып, қаза тапқандар саны 14-ке жетті. Іздестіру-құтқару операциясы аяқталды.
Қалай болған?
ІІМ-нің алдын ала мәліметі бойынша, әскери қызметшілер «Қайсар» катерінен түсірілген кезде қолайсыз метеорологиялық жағдайда теңіз ағысы оларды алып кеткен. Оқиға Ақтау қаласынан шамамен 43 шақырым жерде болған. Тергеу кезінде оқу-жаттығуды ұйымдастыру, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, ауа райы жағдайының ескерілуі және катердің техникалық жай-күйі тексеріліп жатыр.
Қылмыстық іс қозғалды.
Іс бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің:
453-бабы 2-бөлігі — ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау;
465-бабы — кеме жүргізу қағидаларын бұзу
бойынша қылмыстық істер қозғалған.
Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуды ұйымдастыруға және құтқару жұмыстарына байланысты заң бұзушылықтарға жол берді деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталған.