Смартфон балалар мен жасөспірімдердің күнделікті өмірінде кең қолданылатын құралға айналды. Бірақ телефонды бақылаусыз әрі ұзақ пайдалану олардың ұйқысына, оқуына және жақындарымен қарым-қатынасына кері әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.
Мамандардың пікірінше, мұндай әдет әсіресе жасөспірім шақта оңай қалыптасады.
The Conversation басылымы келтірген деректерге сүйенсек, жасөспірімдердің өзін-өзі бақылауға, жоспарлауға және әрекетінің салдарын бағалауға жауап беретін ми бөліктері әлі де даму үстінде болады.
Сол себепті әлеуметтік желідегі жаңа хабарлама, лайк немесе пікір секілді жедел кері байланыс олардың назарын жиі аударады.
Қандай белгілерге мән беру керек?
Malim.kz басылымының жазуынша, егер бала телефонын жиі тексеріп, бос уақытын гаджетсіз өткізе алмаса, бұл смартфонға шамадан тыс әуестенудің белгісі болуы мүмкін.
Сондай-ақ жақындарымен сөйлесуге қызығушылықтың төмендеуі, сабақты кейінге қалдыру, басқа маңызды істерге көңіл бөлмеу және түнге дейін телефон қарау да назар аударуды қажет етеді.
Ұйқының бұзылуы салдарынан бала күндіз өзін әлсіз сезініп, тез шаршауы мүмкін.
Неліктен телефонды қайта-қайта тексергісі келеді?
Зерттеушілер мұны күтпеген марапат механизмімен байланыстырады.
Адам әр жаңа хабарлама немесе ескерту келген сайын қысқа уақытқа жағымды эмоция сезінеді. Мұндай әсер қайталана бергенде ми телефонды жиі тексеруге бейімделеді.
Уақыт өте келе смартфонды қолға алу саналы әрекеттен гөрі автоматты әдетке айналуы мүмкін.
Ата-аналарға қандай кеңес беріледі?
Мамандар балаға шектеу қоюмен қатар, ата-ананың өзі де смартфон қолдану әдебін сақтауы маңызды екенін айтады.
Мысалы, отбасылық дастарқан басында телефонды пайдаланбау, ұйықтар алдында гаджетті шетке қою және бүкіл отбасыға ортақ ереже белгілеу пайдалы болуы мүмкін.
Балаға тек «телефонды қой» деуден гөрі, оның орнына басқа іс ұсыну да маңызды. Спорт, серуен, кітап оқу, шығармашылық немесе отбасымен бірге уақыт өткізу смартфонға кететін уақытты азайтуға көмектеседі.
Сарапшылардың айтуынша, ең тиімді тәсіл – баланың гаджетті толық тастауын талап ету емес, оны саналы әрі шектеулі пайдалануға үйрету.