Францияда бірнеше күннен бері жалғасып жатқан аптап ыстық салдарынан кемінде 18 адам қаза тапты, деп хабарлайды ult.kz.
Құрбандардың қатарында үш қарт адам мен екі және төрт жастағы екі бүлдіршін бар. Ал тағы 13 адам жексенбіден бері өзен-көлдерге шомылу кезінде суға кетіп, мерт болған.
Соңғы мәлімет бойынша, елдің батысындағы Бордо қаласында ауа температурасы 41,9–42 градусқа дейін көтеріп, маусым айы үшін тарихи рекорд жаңарды. Сондай-ақ Пуатье қаласында да 1947 жылдан бергі ең жоғары температура тіркелді.
Францияның ұлттық метеорологиялық қызметі Météo-France елдің ондаған департаментінде қызыл және қызғылт сары деңгейдегі қауіп жариялап, тұрғындарды күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға, көп су ішуге және егде жастағы адамдар мен балаларға ерекше көңіл бөлуге шақырды.
Аптап ыстыққа байланысты мыңдаған мектептің жұмысына өзгеріс енгізіліп, кейбірі уақытша жабылды. Билік азаматтарды салқындату үшін қараусыз өзен-көлдерге түспеуге шақырып отыр, өйткені соңғы күндері суға кету оқиғалары күрт көбейген.
Мамандар қазіргі ыстық толқынын 2003 жылғы Еуропада мыңдаған адамның өмірін қиған аптаппен салыстырып, климаттың өзгеруі мұндай экстремалды құбылыстардың жиілеп, күшеюіне әсер етіп жатқанын айтады.