Астанада Qazaq AI Research University ресми түрде ашылды

Астанада Qazaq AI Research University ресми түрде ашылды
ҚР ҒЖБМ

Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы алғашқы AI-Enabled университет – Qazaq AI Research University-ді ресми түрде ашты, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысы форум барысында адам капиталын дамытуға ерекше мән берді. Оның айтуынша, заманауи деректер орталығы мен озық технологиялардың болуы өздігінен технологиялық серпіліске кепілдік бермейді. Ол үшін ғалымдар, инженерлер мен кәсіпкерлер қажет.

«Біз білімді, білікті, жасампаз мамандар даярлайтын ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыруымыз керек. Осы орайда жаңадан ашылған Qazaq AI Research University-ге айрықша міндет жүктеледі», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, университет тек маман даярлаумен шектелмей, өндіріс пен экономиканың сұранысына сай ғылыми зерттеулер жүргізуі керек.

Осы мақсатта оқу орнында AI+X моделі енгізіліп жатыр. Ол жасанды интеллектіні өндіріс, энергетика, медицина, қаржы және мемлекеттік басқару сияқты нақты салаларда қолдануға бағытталған.

Президент жасанды интеллект адамның интеллектуалдық қабілетін алмастыратын құрал емес, білім алу үдерісіндегі көмекші тәсіл болуы керек екенін атап өтті.

Университетте 528 студент білім алып жатыр

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университеттің құрылу барысы туралы баяндады.

Оның мәліметінше, Qazaq AI Research University құру туралы тапсырма 2025 жылғы 1 қазанда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында берілген.

Университет 2026 жылғы 29 сәуірде білім беру қызметіне мемлекеттік лицензия алған. 15 мамырда AI+X моделі бойынша кадр даярлайтын эксперименттік алаң мәртебесіне ие болды. Ал 18 мамырда институционалдық аккредиттеуден өтті.

1 қыркүйектен бастап алғашқы студенттер қабылданды. Қазір университетте 528 адам білім алып жатыр. Оның 294-і мемлекеттік грантпен оқиды.

Бакалавриатта студенттер Artificial Intelligence and Machine Learning және Physical AI бағдарламалары бойынша білім алады.

Магистратурада өнеркәсіптік AI-жүйелер, қауіпсіздік, ұшқышсыз жүйелер, бизнес-талдау және цифрлық құқық бағыттары бойынша бес бағдарлама іске асырылып жатыр.

Университет кампусы 3,5 мыңнан астам білім алушыға есептелген.

Университетте жеке AI-инфрақұрылымы болады

Qazaq AI Research University-дегі оқу, ғылыми-зерттеу және басқару үдерістері бірыңғай цифрлық ортаға біріктірілген.

Оның негізін QAIRU OS платформасы құрайды. Жүйе студенттердің жеке білім беру траекторияларын қалыптастыруға, оқытушыларға оқу үдерісін ұйымдастыруға және зерттеушілерге ғылыми әдебиеттер, деректер мен есептеу ресурстарымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар университетте NVIDIA H200 негізіндегі жеке AI-инфрақұрылымы дамып келеді. Ол жасанды интеллект модельдерін әзірлеу, ғылыми зерттеулер жүргізу және AI өнімдерін жасау үшін пайдаланылмақ.

Университет жанынан іргелі және қолданбалы зерттеулерді, робототехника мен интеллектуалды жүйелерді біріктіретін AI Research Hub құрылады.

Шетелдік университеттермен бірлескен бағдарламалар іске қосылады

QAIRU халықаралық серіктестікті де дамытып жатыр. 2027 жылдан бастап Shanghai Jiao Tong University және Tsinghua University-мен бірлескен қос дипломды бағдарламаларды іске қосу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Carnegie Mellon University, Shanghai Innovation Institute, Хельсинки университеті және Tsinghua Shenzhen International Graduate School ұйымдарымен ынтымақтастық орнатылған.

Google, Huawei және Samsung компанияларымен бірге оқу бағдарламаларына индустриялық сертификаттау бағдарламалары енгізілуде. NVIDIA-мен бірлесіп NVIDIA Deep Learning Institute өңірлік орталығын құру жоспарланған.

Университеттің білім беру моделінің негізіне AI+X қағидаты алынған. Яғни жасанды интеллект саласындағы білім нақты бір саланың – мысалы, ауыл шаруашылығы, көлік, машина жасау немесе білім берудің сараптамасымен ұштастырылады.

Келешекте бұл модельді Қазақстанның басқа жоғары оқу орындарына да тарату жоспарланып отыр. QAIRU жетекші университеттерді біріктіретін AI+X консорциумының өзегі ретінде жұмыс істейді.