Әлия Назарбаеваға қатысты болған компания жұмысын тоқтатады

Әлия Назарбаеваға қатысты болған компания жұмысын тоқтатады
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Бұған дейін “Оператор РОП” атауымен жұмыс істеген Greens Development компаниясы жеке заңды тұлға ретінде қызметін тоқтатпақ. Компания мемлекеттік “Жасыл даму” операторына қосылып, оның барлық құқықтары мен міндеттері соған өтеді, деп хабарлайды ult.kz.

Тиісті шешім компанияны қайта ұйымдастыру аясында қабылданған.

Greens Development 2022 жылға дейін Қазақстандағы кәдеге жарату алымын әкімшілендірумен айналысты. Қаңтар оқиғаларынан кейін компания мемлекет меншігіне өтіп, утильалымды басқару функциясы “Жасыл даму” компаниясына берілген еді. Мемлекет меншігіне өткенге дейін “Оператор РОП” компаниясы Әлия Назарбаевамен байланыстырылып келген.

Компанияның бұрынғы қызметіне қатысты қылмыстық іс те қозғалған. 2023 жылы сот үлестес компанияның қызметтерін жоғары бағамен сатып алу кезінде 26,8 млрд теңге жымқырылғанын анықтады. Іс бойынша үш адам жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 28,2 млрд теңге көлеміндегі талап “Жасыл даму” пайдасына қанағаттандырылды.

Кейін мемлекеттік оператордың утильалымнан түскен қаражатты пайдалануына қатысты да сын айтылды. Жоғары аудиторлық палата экологиялық жобаларды қаржыландырудың ашықтығына назар аударған.

Аудит мәліметіне сәйкес, “Жасыл даму” қарастырылған 15 бағыттың тек екеуін қаржыландырған. Ал 2022 жылы жиналған 259 млрд теңгенің, яғни утильалым төлемдерінің 99,6 пайызы автокөлік өнеркәсібін қолдауға бағытталған.

Айта кетейік, Назарбаевтар әулетінде дүбірлі той өтті. 

Әлия Назарбаева кім?

Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаева - қазақстандық кәсіпкер және қоғам қайраткері, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы. Ол 1980 жылы Алматыда дүниеге келген.

Әлия Назарбаева Қазақстанда және шетелде білім алған. Лондондағы Richmond University мен АҚШ-тағы George Washington University-де халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқып, 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясының заң факультетін тәмамдаған. Кейін экономика және бизнес саласында магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолында “Европа плюс” радиосында директордың көмекшісі, “ТұранӘлемБанктің” заң департаментінде тағылымгер және Нұрсұлтан Назарбаевтың хатшысы болып жұмыс істеген. Сондай-ақ құрылыс бизнесімен айналысып, “Элитстрой” компаниясын басқарған.

Әлия Назарбаева экология және қоғамдық жобалармен де айналысқан, сондай-ақ кинопродюсер ретінде танылған. 2018 жылы “Анаға апарар жол” фильміне қатысқаны үшін Қазақстанның әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығын алған.