Әлеуметтік желіде Назарбаевтар әулетіне қатысты делінген жаңа тойдың кадрлары тарады. Желі қолданушылары видеолар марқұм Болат Назарбаевтың ұлы Мұхаммедтің сүндет тойына орай ұйымдастырылған көкпардан түсірілгенін жазып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Желіде жарияланған мәліметтерге сүйенсек, ұлттық ат спорты ұйымдастырылған жиынға Назарбаевтар әулетінің бірқатар туысы барған. Жазбаларда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаеваның да есімі аталады.
Дегенмен салтанаттың нақты қай жерде өткені, оған кімдердің қатысқаны және көкпарға қандай жүлделер тігілгені туралы толық ақпарат жоқ. Бұл мәліметтер әзірге ресми түрде немесе бірнеше тәуелсіз дереккөз арқылы расталмаған.
Мұхаммед Болатұлы Назарбаев — 2023 жылы өмірден өткен Болат Назарбаевтың балаларының бірі. Ашық деректерде жарияланған мұрагерлік іс материалдарына сәйкес, ол 2021 жылғы 21 қыркүйекте дүниеге келген. Биыл Мұхаммед бес жасқа толды.
Болат Назарбаев қайтыс болғаннан кейін оның мұрасына қатысты істе жұбайы мен балаларының есімдері аталған. Сол материалдарда Мұхаммед те мұраның міндетті үлесіне үміткер балалардың қатарында көрсетілген.
Айта кетейік, қыркүйек айында Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы шаңырақ көтерді.
Болат Назарбаев кім болған?
Болат Әбішұлы Назарбаев - кәсіпкер, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі. Ол 1953 жылғы 23 наурызда Алматы облысының Шамалған ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын Шамалғандағы кеңшарда механик болып бастаған. Кейін аға механик, бригадир және кеңшар директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 1988–1989 жылдары Қаскелеңдегі нан зауыты директорының орынбасары болды. Кейін кәсіпкерлікке ауысып, 1992–1997 жылдары «Инкар Агро» ЖШС вице-президенті, ал 1997 жылдан BN Invest холдингінің директоры қызметін атқарған.
Болат Назарбаев қайырымдылықпен де айналысып, «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорын құрған. Ашық деректерде қордың Қызылағаштағы су тасқынынан зардап шеккендерге үй салуға, Мақтааралдағы қалпына келтіру жұмыстарына және медицина қызметкерлеріне қаржылай көмек көрсеткені жазылған.
2022–2023 жылдары Болат Назарбаевпен және оған байланысты компаниялармен байланысты бірқатар мүлік пен жер телімдері сот пен мемлекеттік органдардың назарына ілікті. Мәселен, оның компанияларына қатысты Маңғыстау мен Жамбыл облыстарындағы жүздеген мың гектар жер мемлекетке қайтарылғаны, сондай-ақ Алматы ауыр машина жасау зауытының акцияларына қатысты сот шешімі шыққаны хабарланған.
Болат Назарбаев 2023 жылғы 13 қарашада Алматыда ұзаққа созылған дерттен кейін 70 жасында қайтыс болды. Оның қазасын Орталық клиникалық аурухана ресми растаған.