Айыппұлдар кешіріліп, мерзімдер қысқарады: Қазақстандағы жаңа рақымшылық қалай жүзеге асады

Айыппұлдар кешіріліп, мерзімдер қысқарады: Қазақстандағы жаңа рақымшылық қалай жүзеге асады
ашық дереккөз

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда таныстырылды. Құжат Мемлекет басшысының биыл 17 наурызда жариялаған бастамасын іске асыруға бағытталған, деп хабарлайды Ult.kz.

Заң жобасын таныстырған депутат Абзал Құспанның айтуынша, бұл жолғы рақымшылықтың ерекшелігі – Қазақстанда алғаш рет қылмыстық және әкімшілік рақымшылық қатар жүргізіледі.

Құжатқа сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар, ауырлығы аз қылмыстар, сондай-ақ келтірілген залалы толық өтелген орташа ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық істер тоқтатылуы мүмкін. Сондай-ақ осы санаттағы қылмыстар үшін сотталған азаматтарды жазадан босату және орташа ауыр, ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша сотталғандардың жазасының өтелмеген бөлігін қысқарту ұсынылып отыр.

Сонымен бірге рақымшылық сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыстар, азаптау, қайталанған ауыр қылмыстар және басқа да қоғамдық қауіпті әрекеттер жасағандарға қолданылмайды.

Заң жобасы әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарды да кешіруді көздейді. Атап айтқанда, жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен заң консультанттары әкімшілік айыппұлдан босатылуы мүмкін. Алайда бұл жеңілдік соттар тағайындаған айыппұлдарға және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін құқық бұзушылықтарға қатысты қолданылмайды.

Депутаттың мәліметінше, рақымшылық жасау туралы түпкілікті шешімді әр сотталған адамға қатысты сот жеке қарайды.

Сондай-ақ заң жобасында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын азаматтарды қоғамға бейімдеу және қайта әлеуметтендіру міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.

Заң қабылданған жағдайда, ол қосымша бюджет шығындарын талап етпейді және әлеуметтік-экономикалық теріс салдарға әкелмейді деп күтілуде.