Боқаев жүйенің ішінде болған: сотта «ҚазТрансГаз» кәсіподағының жұмысына қатысты тың деректер айтылды

Боқаев жүйенің ішінде болған: сотта «ҚазТрансГаз» кәсіподағының жұмысына қатысты тың деректер айтылды
ашық дереккөзден

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаев пен басқа да айыпталушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Ақша қаражатын жымқыруға қатысты эпизодты қарау барысында «ҚазТрансГаз» АҚ кәсіподақ ұйымының қызметіне және шарттар жасасу тәртібіне қатысты мән-жайлар зерттелді.

Кезекті сот отырысында жәбірленуші ретінде танылған Мұхтар Әмірханов 2017-2018 жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ Заң департаментінде заңгер болып жұмыс істегенін айтты. Сол уақытта ол кәсіподақ мүшесі болып, қоғамдық негізде ұйымға құқықтық қолдау көрсетіп, кәсіподақ комитетінің хатшысы міндетін қатар атқарған.

Оның айтуынша, ол кәсіподақ комитетінің отырыстарына тікелей қатысып, күн тәртібін қалыптастырған, талқыланған мәселелер мен қабылданған шешімдерді тіркеп отырған.

Сот талқылауы барысында Санжар Боқаевтың кәсіподақ қызметіндегі рөліне және шарттарды жасасудың мән-жайларына ерекше назар аударылды.

Бұл ретте, Әмірханов өз айғақтарында Санжар Боқаевтың «ҚазТрансГаз» АҚ кәсіподақ комитетінің жиындарына бас компанияның өкілі ретінде қатысқанын, сондай-ақ 2018 жылы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» бағыты бойынша газ моторлы отынмен жүретін автокөліктердің халықаралық автокеруенін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі шарттарды жасасуға бастамашы болғанын айтты. Сонымен қатар, жауап алу барысында Әмірханов Боқаевтың мердігер ретінде «BM Trust» және «We Can» ЖШС-ларын ұсынған болуы мүмкін екенін растады.

Әмірхановтың түсіндіруінше, шарт жасасу туралы шешімдерді кәсіподақ комитетінің мүшелері дауыс беру арқылы қабылдап, олар хаттамалармен рәсімдеген. Алайда хаттамалар отырыстар өткеннен кейін де қол қойылып бекітілуі мүмкін болған.

Оның түсіндіруінше, шарттарды келісудің міндетті жазбаша регламенті болмаған, сондай-ақ оларды қараудың нақты белгіленген мерзімдері де көзделмеген. Құжаттарды заң, экономика және бухгалтерия қызметтерінің қосымша тексеруінен өткізуді міндеттейтін талап болмаған.

Еске сала кетсек, Санжар Боқаевқа Қылмыстық кодектің бес бабы бойынша айып тағылып отыр: аса ірі мөлшердегі алаяқтық (190-бап), қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру (218-бап), ұрлық (188-бап), ағаштарды заңсыз кесу (340-бап) және көрінеу жалған ақпарат тарату (274-бап).

Аталған іс бойынша өзге де айыпталушылардың қатарында алаяқтық жасады және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырды деп айыпталған оның жиені Мадияр Қалменов, сондай-ақ ұрлық жасады, ағаштарды заңсыз кесті және көрінеу жалған ақпарат таратты деп айыпталған мобилограф Ұлан Нүсіпқожа бар.