Әділетхан Молдахан сотта бар кінәсін мойындады

Әділетхан Молдахан сотта бар кінәсін мойындады
Коллаж: ult.kz

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот процесі басталды. Ол «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айып бойынша жауапқа тартылып отыр, деп хабарлайды ult.kz.

Сот отырысы барысында ол өзіне тағылған айыпты толық мойындайтынын айтты.

Іс бойынша жәбірленуші ретінде Алматы қалалық полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының басшысы Серік Шұмаев танылған. Ержан Ұзабаевтың мүддесін қорғаушы тарап айыпталушыдан 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы және 1 миллион теңге сот шығындарын өндіріп беруді сұрады.

Айыпталушының қорғаушылары соттан оны үйқамаққа ауыстыруды және тараптарды медиация тәртібімен татуластыру мүмкіндігін қарастыруды өтінген. Алайда судья Ерлан Қасымбек бұл өтінішті қанағаттандырмай, бұлтартпау шарасын өзгертуден бас тартты. Ал процессуалдық келісім жасау мәселесі прокуратураның қарауына жіберілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Әділетхан Молдахан Әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол-көлік оқиғасына жоғары лауазымды тұлғалардың балалары қатысы болуы мүмкін екенін және заңсыз түнгі автожарыстардың фактілерін полиция жасырып отыр деп мәлімдеген болатын. Осы жария мәлімдемелерінен кейін ол наурыз айында қамауға алынған.

Іс бойынша келесі сот отырысы 16 маусымға белгіленді.