11 жастағы қыздың мәйіті табылды: Соңғы рет ол құрбысының әкесінің көлігіне отырған

11 жастағы қыздың мәйіті табылды: Соңғы рет ол құрбысының әкесінің көлігіне отырған
Фото: freepik.com

Францияның Жер департаментіндегі Флоранс қалашығында жоғалып кеткен 11 жастағы Лианнаның мәйіті бір аптадан кейін туған қаласына жақын жерден табылды. Қыздың жоғалуына қатысты тергеу барысында анықталған жайттар елдің Әділет министрін де шошытқан, деп хабарлайды ult.kz.

Лианна өткен жұма күні жоғалып кеткен. Оның денесі бейсенбі күні табылған.

Қызды соңғы рет колледжден шыққан кезде құрбысының әкесімен бірге көрген. Куәгерлердің айтуынша, ол 41 жастағы Жером Барелланың көлігіне отырған. Осыдан кейін қыздан хабар болмаған.

Лианнаны өткен жұмадан бері жандармерияның күшейтілген жасақтары, жергілікті тұрғындардан құралған еріктілер, балықшылар, аңшылар және ат спорты клубының мүшелері іздеген.

Күн өткен сайын қызды тірі табуға деген үміт азайып, 41 жастағы Жером Бареллаға қатысты күдік күшейе түсті.

Күдікті ұсталып, оның көлігі сараптама жүргізу үшін тәркіленді.

Тергеушілер оның өткен өмірін тексеру барысында басқа балалардың ата-аналары тарапынан сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылыққа қатысты кемінде екі шағым түскенін анықтаған. Сонымен қатар, құзырлы органдарға екі рет ескерту хабарламасы жолданған. Алайда бұл мәліметтерге тиісті деңгейде назар аударылмаған, ал күдікті бірде-бір рет жауап алуға шақырылмаған.

Францияның Әділет министрі Жеральд Дарманен бұл іске байланысты «қатты шошығанын» мәлімдеді. Оның пікірінше, құқық қорғау және сот жүйесінде елеулі олқылықтарға жол берілген.

Министр әсіресе істердің түрлі прокуратуралар арасында баяу берілгенін және Жером Бареллаға қатысты бұрынғы істер бойынша тергеудің тым ұзаққа созылғанын сынға алды. Ол осы жағдайларға байланысты басталған әкімшілік тексерудің қорытындысы жарияланатынын айтты.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2017 жылдың желтоқсанында 17 жастағы қыздың Барелламен қарым-қатынаста болғаны туралы хабар түскен. Алайда 2018 жылы қыздың бәрі өз келісімімен болғанын айтуына байланысты іс жабылған.

2022 жылдың қаңтарында Жером Бареллаға қарсы тағы бір шағым түсіп, онда ол 2020 жылы 15 жастағы жасөспірімді зорлады деп айыпталған. Іс өңірлік прокуратураға берілгенімен, 2024 жылы дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты тоқтатылған.

Бұдан бөлек, 2025 жылдың 22 тамызында 2014 жылы туған қыздың анасы Барелланы өз баласын 2024 жылдың қыркүйегі мен 2025 жылдың мамыры аралығында бірнеше рет зорлады деп айыптаған. Бұл туралы прокурор мәлімдеді.

Ал Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нуньес парламентте сөйлеген сөзінде аталған істердің қалай қаралғанын жан-жақты тексеру үшін Әділет министрлігінен арнайы тергеу жүргізуді сұрағанын айтты.