Астана қаласында өтіп жатқан бокс кешінде қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров аргентиналық Бруно Леонардо Ромэйді ұпай санымен ұтты.
Он раундқа созылған жекпе-жек тартысқа толы болды. Жерлесіміз кездесуді белсенді бастап, қарсыласының осал тұсын табуға тырысты. Алайда қос боксшы жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтай алмады. Төрешілер шешіммен қазақ боксшысы айқын басымдықпен жеңді.
Осылайша, Жанқош Тұраров 22-ші жеңісіне қол жеткізді.
Айта кетсек, бұған дейін алғашқы жекпе-жекте қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов бір минуттың ішінде өз қарсыласын нокаутпен жеңген болатын.
Екінші кездесуде Димаш Ниязов бразилиялық Эдуардо Перейраны ұпай санымен жеңді.
Үшінші жекпе-жекте Айдос Ербосынұлы аргентиналық Джонатан Барбадилоны нокаутпен жеңді.
Төртінші кездесуде Әли Ахметов америкалық Томас Джастинді теxникалық нокаутпен жеңді.
Одан кейінгі кездесуде Нұрсұлтан Жаңабаев бразилиялық Алекс Дуартені де нокаутпен жеңді.
Алтыншы жекпе-жекте Руслан Мырсатаев аргентиналық Андреас Матиас Афранлиді айқын ұтты.
Жетінші жекпе-жекте Жәнібек Әлімханұлы бразилиялық Жильберто Перейру дос Сантосты ұпай санымен жеңді.