Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан нысандарды аралап, кәріз тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту, сүзгілеу стансасын салу жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ ол азаматтық қорғау жүйесінің дайындығын тексеріп, «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы ауыл шаруашылығы нысанына да барды, деп хабарлайды ult.kz.
Ұлттық жоба шеңберінде Атырау қаласындағы жылу желілері жаңғыртылу үстінде. Желінің жалпы ұзындығы 409,2 шақырым болса, тозу деңгейі — 62,3%. Жобада тозу деңгейі 95%-ға жеткен, ұзындығы 8 шақырымға жуық учаскені реконструкциялау көзделген. Нәтижесінде жылу шығынын 75%-ға азайту жоспарланып отыр. 2030 жылдың соңына дейін қалада 26,6 шақырым жаңа жылу желісін тарту жоспарланған. Бұл жұмыстар инженерлік желілердің жалпы физикалық тозуын 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Өңірде электр желілері де жаңартылып жатыр. «Атырау Жарық» ЖШС 110 кВ әуе желілерінің 114,6 шақырымын, 35 кВ желілердің 50,7 шақырымын және 6/10 кВ желілердің 238 шақырымын, сондай-ақ 46 трансформаторлық қосалқы стансаны жаңартуды көздейтін 9 іс-шараны қолға алған. Бұдан бөлек, электр энергиясын автоматты есепке алатын 10,5 мыңнан астам құрал орнатылып, 16 қосалқы стансада SCADA жүйесі енгізіледі. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2027 жылғы ақпанда басталмақ.
Қанат Бозымбаев сапарды қортытындылап, жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға коммуналдық инфрақұрылымның проблемалы нысандарына қатысты шешімдерді дер кезінде қабылдауды, жұмыстардың мерзімін созбауды және жаңғыртудың ұзақ мерзімді нәтижесіне басымдық беруді тапсырды.
Сондай-ақ инженерлік желілерді кешенді жаңартуға, тазарту құрылыстарының тиімділігіне, сумен жабдықтаудың сенімділігіне және өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударуды жүктеді.