Астана қаласында өтіп жатқан бокс кешінде қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы бразилиялық Жильберто Перейру дос Сантосты ұпай санымен жеңді.
Алты раундқа созылған жекпе-жек тартысқа толы болды. Қазақ боксшысы қарсыласын барлық раунд бойы соққының астына алғанмен, кездесу нокаудпен аяқталмады. Алайда төрешілер бір ауыздан жеңісті Жәнібек Әлімханұлына берді.
Осылайша, жерлесіміз кәсіпқой бокстағы екінші кездесуін жеңіспен аяқтады.
Айта кетсек, бұған дейін алғашқы жекпе-жекте қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов бір минуттың ішінде өз қарсыласын нокаутпен жеңген болатын.
Екінші кездесуде Димаш Ниязов бразилиялық Эдуардо Перейраны ұпай санымен жеңді.
Үшінші жекпе-жекте Айдос Ербосынұлы аргентиналық Джонатан Барбадилоны нокаутпен жеңді.
Төртінші кездесуде Әли Ахметов америкалық Томас Джастинді теxникалық нокаутпен жеңді.
Одан кейінгі кездесуде Нұрсұлтан Жаңабаев бразилиялық Алекс Дуартені де нокаутпен жеңді.
Алтыншы жекпе-жекте Руслан Мырсатаев аргентиналық Андреас Матиас Афранлиді айқын ұтты.