ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырған үшінші адам анықталғанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Дәл қазір вирус жұқтырған тағы бір адам анықталып отыр, яғни үшінші науқас деп айтуға болады. Ол 12 наурыз күні Милан қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына келді. Зертханалық сараптама бойынша коронавирустық инфекция анықталды. Бұл азамат келгенде, біздің протокол бойынша әуежайдан тікелей карантинге жатқызылды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Белгілі болғандай, протокол бойынша Миланнан келген әйелмен байланыста болған адамдарға қатысты қажетті жұмыстар жүргізілуде.
Оның сөзіне қарағанда, аталған бортта 90 жолаушы болған. Оларға қатысты санитарлық шаралар іске асырылуда.
Бұған дейін хабарланғандай, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясын жұқтырған Қазақстанның екі азаматы Германиядан келгенін мәлім етті.
Сонымен қатар коронавирус жұқтырған Қазақстан азаматтарымен бір бортта болған жолаушылар карантинге жатқызылатыны айтылды.