Қазақстанда коронавирус жұқтырған екі адам анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Үш айдан бері біраз шаруа атқарылды. Бірақ, өкінішке қарай, бүгін бірнеше тексерістен кейін екі Қазақстан азаматынан коронавирус инфекциясы табылды. Бас санитарлық қаулымен бұл екі пациент карантиндік стационарға жатқызылды", - деді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде пациенттердің жағдайы жақсы, барлық қажетті процедуралар атқарылып жатыр.
"Дәрігерлер дайын, олар не істеу керектігін біледі. Біз көп қиындықтан өткенбіз. Осы қиындықтан да өтеміз", - деді Біртанов.
Біртанов екі азамат Германиядан ұшақпен келгенін жеткізді. Олардың бірге емес, әр күні келгені белгілі болды.
"Ұшақпен келген барлық азамат анықталып, карантинге жатқызылатын болады. Бізде жолаушылардың тізімі бар. 24 сағаттың ішінде олардың барлығы карантинге стационарға жеткізілуі керек. Ал екінші ұшақта болған 12 адам карантинге жатқызылды", - деп атап көрсетті Біртанов.