19 там, 2025 сағат 17:26

Берденовке қастандық ісі: Сот процессі қалай өтіп жатыр?


Фото: instagram.com/ruslan_berdenov

Қазір Шымкер қаласында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық оқиғасына қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Ult.kz тілшісі оқиға орын алған кезден бастап сот отырыстары қалай өткеніне шолу жасады.

Қылмыстық оқиға

2025 жылы 21 сәуірде Шымкент қалалық әкімдігі ғимаратының жанында Руслан Берденовке қастандық жасалды. Оған 5 рет оқ атылып, ауыр халде ауруханаға түсті. Шенеунікке шұғыл ота жасалып, аман қалды.

Берденовке оқ атқан 31 жастағы Ернар Жиембай есімді азамат оқиға орнынан көп ұзамай бірден ұсталған. Оған Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бап 1-бөлігі (Кісі өлтіруге оқталу) бойынша айып тағылып, тергеу басталды.

Оқи отырыңыз: «Мемлекетке бағытталған ескерту»: Мәжілісмендер Берденовтің жағдайына қатысты пікір білдірді

Алдын ала тыңдау

22 шілде күні алдын ала тыңдау мерзімі жаряланып, 28 шілдеде Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау өтті.

Оқи отырыңыз: Шымкентте Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сот процесі басталды

Онда айыпталушы Ернар Жиембай қылмыстық істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды өтінген, өзін фото-видеоға түсіруге қарсы болды, өтініш қанағаттандырылды.

Zakon.kz жазуынша прокурор Ерлан Сәдібеков баяндаған мәліметке сәйкес Жиембай Шымкент қаласы әкімдігінің құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу басқармасының бөлім басшысы К.-нан ұялы телефон арқылы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Берденовтің "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС директоры лауазымынан өз еркімен арыз жазып кетсін дегені туралы айтқанын естіп, адам өлтіру яғни, адам құқығына қарсы қасақана қазаға ұшырату қылмыстық ойы пайда болған.
Прокурордың айтуынша, айыпталушы әуелі ішімдік ішкен. Сосын үйінен аңшы мылтығын алып, ешкімге білдірмей қылмыстық ойын жүзеге асыру амалына кіріскен.


Алдын ала тыңдау жәбірленушінің денсаулығына байланысты оның өзінің қатысуынсыз өткен, алайда судья Берденовті негізгі сот отырысына міндетті түрде өзі келуін міндеттеді.

Негізгі сот отырысының басталуы

Негізгі сот отырысы 6 тамызда басталған. Руслан Берденов судьяның міндеттеуіне қарамастан денсаулығына байланысты сотқа қатыспады.

Ал айыпталушы Ернар Жиембай шенеунікке не үшін оқ атқанын айтты. Ол мұндай қылмысқа жұмыстан шығарылғаны үшін емес, әйелін қызғанғаннан барғанын айтты. Намысы тапталды деп есептеген Жиембай өз сөзінде Берденов әйеліне "сен әдемісің" деп жазып, суретіне лайк қойған.

Бірақ жәбірленуші Жиембайдың бұл сөзіне қатысты өз уәжін әлеуметтік желіге жариялады. Ол денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмағанымен, сот процесін және оған қатысты ақпараттық кеңістіктегі ахуалды мұқият бақылап отырғанын айтты. Берденов Жиембайдың мәлімдемесін тек шантаж және қысым көрсету әрекеті деп бағалады.

«Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім. Ал қоғам назарын "қызғаныш", "жеке қатынас", "жұбайы" секілді жалған себептерге бұру манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын», - деді Руслан Берденов.


Оқи отырыңыз: Берденов сотталушының мәлімдемесіне жауап берді

13 тамыз күнгі сот отырысында Руслан Берденовке қалай оқ атылғаны туралы бейнежазбалар көрсетіліп, , оқиғада қолданылған «Сайга» мылтығы, оқтар сияқты заттай айғақтар ұсынылды.

Видеода әкім орынбасары әкімдік ғимаратынан шығып, баспалдақпен төмен түсіп келе жатқаны көрінеді. Сосын қару ұстаған адам жүгіріп келіп, қаша жөнелген Берденовты қуып жүріп бірнеше рет атады. Артынша Берденовтың жүргізушісі оны көлікпен қағады. Сотта куәлік еткен шенеуніктің көлік жүргізушісі Мейрамбек Қалымбетов Жиембайды шамамен 30–40 км/сағ жылдамдықпен соққанын айтады.

«Оны тоқтатпақ болдым. Қатты емес, ақырын соқтым. Сосын кері шегініп, құлап қалды. Оны ұстау үшін машинадан жүгіріп шықтым», денген жүргізуші қансырап жатқан Берденовтың пиджагын шешіп, қанды тоқтатпақ болғанын айтты.


Одан кейін сот отырысында сот-медициналық сараптаманың қорытындысын жариялады. Қорытындыға сәйкес айыпталушының ешқандай психикалық ақауы жоқ, өз әрекетіне толық жауап бере алатыны айтылды. Алкогольді сынақ 21 сәуір күні сағат 22:01-де жүргізіліп, жеңіл масаңдық белгілері анықталды. Сосын судья оқтардың арасындағы уақыт аралығын баяндады.

Олжас Тәжібаев есімді тағы бір куәгер Руслан Берденов өзіне Ернар Жиембайды жұмыстан шығаратынын айтқанын мәлімдеді.

Жарыссөз

18 тамызда өткен сот отырысында жәбірленушінің өзі онлайн қатысып, куәлік етті. Ол оқиғаны сипаттап, сол кезде өзін қалай сезінгенін айтты. Берденов қанның дәмін сезіп, өкпесі демалуды тоқтатқандай болғанын жеткізді.

Өз кезегінде айыпталушы Жиембай Берденовтен кешірім сұрап, оны өлтіргісі келмегенін айтты. Ал Руслан Берденов қылмыскердің әділ жазалануын талап етті.

«Бұл маған ғана атылған оқ емес, бұл әрбір мемлекеттік қызметкерге атылған оқ», деді шенеунік.


Тараптардың жарыссөзі барысында прокурор Ернар Жиембайға 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыруды сұрады.

19 тамызда сот отырысы жалғасып, сотта төреші өзінің ерсі қылығымен көзге түсті. Судья Әбінұр Қарабаев журналист Ботагөз Омароваға тілін шығарған. Бұл туралы Ботагөз Омарова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, судьяның тілін шығарған видеосы БАҚ беттерінде тарап кетті.

Кейін Шымкент сотының баспасөз қызметі:

«Шымкент қаласы әкімінің орынбасарын өлтіруге оқталу туралы қылмыстық істі қарау кезінде төрағалық етуші судья Әбинұр Қарабаевтың әрекеті Судья әдеп кодексін бұзу тұрғысынан тексеріліп жатыр», деп мәлімдеді.


Жиембайдың соңғы сөзі

Айыпталушы Ернар Жиембай сот отырысында жәбірленуші Руслан Берденовтен кешірім сұрап, сот төрешісінен бас бостандығынан айырмайтын жаза сұрады. Сонымен қатар бұған дейін айтқан ұстанымында қалатынын жеткізді.

«Ешкім сұрамайды, Жиембай Ернар Руслан Берденовты не үшін атты деп. Тек Руслан Берденовты  5 рет атыпты деп жазуда. Мен ең алдымен осы істің саясилануын қаламаймын. Ол мемлекеттік қызметкерлерге қарсы жасалған әрекет емес, басынан бастап екеуміздің арамыздағы жеке мәселе болатын», ‒ деді айыпталушы.


Сот 20 тамызда аяқталып, Ернар Жиембай 9 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.

Оқи отырыңыз: Руслан Берденовке оқ атқан азаматқа үкім шықты

Руслан Берденов кім?

Руслан Арысбекұлы Берденов 1985 жылы туған, қазақстандық кәсіпкер және қоғам қайраткері, 2025 жылдың 24 ақпанына дейін Respublica партиясы Фракциясы атынан сайланған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болған, қазір Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымында.