23 сәу, 2025 сағат 10:58

«Мемлекетке бағытталған ескерту»: Мәжілісмендер Берденовтің жағдайына қатысты пікір білдірді

Фото: Kaznpu.kz

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, Мәжілістің экс-депутаты Руслан Берденовке қастандық жасалғаны дүйім жұртты дүрліктірді. Қала басшысының орынбасары бірнеше оқ жарақатымен ауруханаға ауыр күйде жеткізілсе, ал күдікті көп ұзамай сол маңда полицейлердің қолына түсті. Осыған байланысты Ult.kz тілшісі Мәжіліс депутаттарын сөзге тартып, бұрынғы әріптесінің басына түскен оқыс жағдайға қатысты пікірін сұрады.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин болған қылмыстық оқиғаның анық-қанығанын құқық қорғау органдары нақтылайтынына еш күмәні жоғын жеткізіп, бұл оқиғаны мемлекетке бағытталған ескерту деп санайтынын жасырмады. 

«Егер мұның шын мәнінде тапсырыспен орындалған қылмыс екені расталса бұл билікке де төнген қауіп. Себебі мен Руслан Берденовті онымен бірге жұмыс істеген азамат ретінде оның тәртіпті, жөні түзу адам екенін жақсы білемін. Осыдан 3-4 күн бұрын ғана екеуіміз бір мәселемен телдефон арқылы сөйлестік. Оған дейін де әңгімелескенімізде оның қалада тәртіп орнатқысы келетінін айтып қалған. Меніңше, сонысы біреулерге ұнамай қалған болу керек. Жалпы, елде тәртіп орнататын кез келді. Президент те заң мен тәртіп үстемдігі туралы нақты айтты ғой. Мен осы оқиғадан кейін қоғамда тиісті қорытынды шығуы керек деп ойлаймын. 
Мен бұрынғы әріптесіме тез сауығып, аман-есен қатарға қосылуын тілеймін. Ол мықты жігіт, бәрі дұрыс болады деген ойдамын. Оның партияластары арқылы есін жиып, өз-өзіне келгенін сұрап білдім. Өзіне хабарласып, артық мазасын алғым келмеді», – дейді Е.Жаңбыршин.


Мәжіліс депутатынан бұл оқиға Руслан Берденовтің депутат кезіндегі лудоманиямен күреске, ойын бизнесіне қатысты заңнамалық батыл ұстанымына байланысты да болуы мүмкін бе деген нұсқа жайлы да ойын сұрадық. 

«Әрине әртүрлі нұсқалар айтылып жатыр. Лудоманияға қарсы біраз депутат күрес жүргізгенбіз. Өзім де заң жобасы авторларының бірімін. Біз бұл заң жобасын әзірлеуді бірнеше депутат болып 2007 жылы бастағанбыз. Әсіресе Елнұр Бейсенбаев бұл мәселе төңірегінде көп жұмыс істеді. Артынан арасында Р.Берденов те бар, өзге де әріптестеріміз қосылды. Дегенмен қауіп бұл жағынан келіп тұрған жоқ шығар. Сол жақтағы (Шымкенттегі – автор) мәселелерге байланысты болар деп ойлаймын. Түрлі қаңқу сөздер мен фейк ақпараттарға еріп кетпей, құзырлы органдардың ресми ақпаратын күтейік», – деді Еділ Терекбайұлы.


Сондай-ақ ол мұндай жағдай бәріне сабақ болып, ендігәрі қайталанбас үшін алдымен қастандыққа тапсырыс берушіні тауып, сосын сот процесін ашық өткізу керектігін айтты. 

Бұл іске қатысты мәжілісмен Жарқынбек Амантайұлының да пікірін білдік. Депутат бұл оқиғаның күтпеген тосын жағдай болғанын жасырмады. 

«Бұған құқық қорғау органдары лайықты бағасын берер деген ойдамыз. Қандай жағдай болса да зорлық-зомбылық, күш қолдану мәселесіне жол бермеуіміз керек. Осындай саяси қызметте жүрген азаматтардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірген бұл оқиға әрине бізге ауыр тиді.
Десе де, бір ғана жағдайға бола тап қазір заңға бәлендей өзгерістер енгізу керек деген ойдан аулақпыз. Жалпы, бұған дейін де, мәселен қару-жарақ айналымына қатысты түрлі бақылаулар күшейтіліп жатыр. Сондықтан мұндай қауіп-қатер барлық жерде бар деген сөз емес. Бұл күтпеген, оқыс жағдай. Бұл жерде жеке іс болып отыр», – дейді Ж.Амантайұлы.


Оның айтуынша, егер Р.Берденов айыпты болып жатса оны партия қатарынан шығара ма, шығармай ма, ол жағын партия өзі шешеді. 

«Жалпы, қастандыққа себеп болған жағдай туралы бірнәрсе айту, яғни кімнің айыпты, кімнің айыпсыз екенін кесіп айту әлі ерте. Бірақ әлі анық-қанығы анықталмаған мұндай оқыс оқиғаның арқасында ақпарат құралдарының, жекелеген блогерлердің ұпай түгендеп алуға тырысуы дұрыс емес. Мен жалпы бұл іске қатысты қандай да бір болжам жасамаймын. Дегенмен екі адамның арасындағы тұрмыстық кикілжіңнің қатысы бар деген нұсқа айтылып жатыр. Сонда да мұндай пікір білдіруден аулақпын. Нақты себебін тергеушілер бере жатар. Сондықтан тергеу шаралары жүріп жатқан кезде азаматтарды жаңсақ пікір білдірмеуге және алып қашпа әңгімелерге ілеспеуге шақырамын», – деген Мәжіліс депутаты жағдайдың ақ-қарасы анықталмай жатып, жан-жақтан пікір білдіру біздің қоғамда белең алып кеткенін атап өтті.


Тағы бір Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов іспен құқық қорғау органдары айналысып жатқандықтан алдын ала тон пішіп, бәлендей пікір білдергеніміз дұрыс емес екенін ашып айтты.

«Ең бастысы тезірек, сауығып кетсін. Әрине Руслан Берденов мемлекеттік қызметте жүргендіктен көп мәселені көтереді. Мұндай жағдайдың орын алғаны әрине ойландырады. Бәрін құқыққорғау органдары шешсін», – деді ол.


Ал бұл қастандықты лудоманияны ауыздықтауға, ойын бизнесін құртуға қатысты заңмен байланыстырған нұсқаны Мұрат Әбенов құп көрмейтінін жеткізді.

«Әрине, бұл заң жобасына бастамашылық етіп, айналысқан тек қана Руслан Берденов қана емес. Өзге де депутаттар бар. Бәріміз әрекет етіп, заң қабылдадық. Оқиғаға дәл осы мәселе немесе басқа да жағдайлар түрткі болды деп айту асығыстық болар. Біздің қазіргі кез келген пікіріміз полицияның жұмысына кедерге жасауы мүмкін. Оның үстіне әркімнің отбасы бар. Біреуін ақтап, беруін даттап, онсыз да ауыр жағдайда жатқан азаматқа, отбасыларына да зиянымызды тигізбейік», – деді М.Әбенов.


Еске сала кетсек, Руслан Берденов Мәжіліс депутаты болып тұрғанда құмар ойындармен күрес жүргізді. Мәжілісте ол Қазақстанда небәрі үш жылдың ішінде ойын бизнесі өз иелеріне триллион теңгеден астам табыс әкелгенін айтып, мәселе көтерген-ді. Республикалық букмекерлік қауымдастық депутатты «жалған ақпарат таратты» деп сотқа беріп, көпшіліктің алдында кешірім сұрауын талап еткен. Алайда сотта Берденов жеңіп шықты.

Сондай-ақ Руслан Берденов есірткі бизнесіне қарсы мәселелерді назарынан тыс қалдырмады. Ол есірткі зертханаларын анықтау; шекара қызметін есірткіні анықтай алатын сапалы жабдықтармен қамтамасыз ету; есірткі саудасы үшін пайдалантылатын интернет платформаларды бақылау; есірткінің жаңа түрлерін анықтайтын заманауи сот сараптамасын тағайындау; есірткіге қарсы үгіт-насихат жүргізу мәселелерін көтеріп, бірнеше мәрте депутаттық сауал жолдаған.

Руслан Берденов кім?

Руслан Берденов Шымкент қаласында туып-өскен. Білімі жоғары, 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді бітірген. 2009 жылы КИМЭП-тен Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесін бітіріп шықты.

Еңбек жолын 2005 жылы «Алматы құс» ААҚ компаниясының бөлшек сауда директоры қызметінен бастаған.
Одан кейін Procter & Gamble, «Eastcomtrans» компанияларында еңбек еткен. 

2012 жылғы қарашадан 2018 жылғы мамырға дейін – «Ақ ниет» ЖШС Бас директоры.

2018 жылғы қараша айынан 2019 жылғы сәуір айы аралығында – «Ақ ниет» ЖШС Байқау кеңесінің мүшесі.

2019 жылғы сәуір-2023 жылғы наурыз аралығында – Aq niet Group Байқау кеңесі төрағасының орынбасары.

2023 жылғы 29 наурыздан бастап 2025 жылдың 24 ақпанына дейін – «Respublica» партиясының партиялық тізімі бойынша VIII сайланған Мәжіліс депутаты, палатадағы Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.

2025 жылдың 24 ақпанынан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді.

Жасұлан БАҚЫТБЕК