Марқұм Азаматтың ағасы бауыры көзі тірісінде қолынан тастамаған сағатын оның жақын досы Ақжол Темірханға сыйлады. Бұл туралы Ақжолдың анасы Самал Кеуелова әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.
Самал Кеуелованың айтуынша, бұл сағат Ақжол үшін жай ғана бұйым емес, жан досынан қалған баға жетпес естелікке айналды. Енді ол сағатқа қараған сайын Азаматпен бірге өткізген балалық шағын, достыққа толы күндерін еске алатын болады.
“Азаматтың өзі қасында болмаса да, оның сағаты енді Ақжолдың қолында. Бауырынан қалған қымбат дүниені Ақжолға табыстағаны үшін Азаматтың ағасына мың алғыс. Кейбір сыйлықтың бағасы болмайды. Өйткені оның құны ақшада емес, жүректе”, – деп жазды Самал Кеуелова.
Осылайша, Азаматтың көзіндей болған сағат енді Ақжолдың қолында сақталмақ. Бұл сыйлық қос достың арасындағы үзілмес байланыстың белгісіндей болды.
Айта кетейік, Каспийде аман қалған сарбаздың анасы ұлының достығы туралы әсерлі жазба жариялады.
Бұл азаматтар кім?
Ақжол Темірхан мен Мәдіхан Азамат Болатбекұлы – 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспий теңізінде өткен әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы оқиғаға тап болған екі дос, қарулас сарбаз.
Ақжол Темірхан – 2007 жылы туған, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының 19 жастағы тұрғыны. Ол Қазақстан Әскери-теңіз күштерінде мерзімді әскери қызмет атқарған. Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған үш сарбаздың бірі. Ауруханада ем қабылдап, кейін әскери қызметін аяқтап, отбасына оралған.
Мәдіхан Азамат Болатбекұлы – Ақжолдың жақын досы әрі қаруласы. Ол 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 сарбаздың бірі.
Ақжол жағаға жүзіп шыққаннан кейін де досы Азаматты жарты сағаттай іздеген. Кейін ауруханаға жеткізілгенде Азаматтың әскери беретін қолынан тастамаған.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспий теңізінде өткен әскери оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаз қаза тапқан еді. Қайғылы оқиғадан аман қалғандардың бірі – Ақжол Темірхан. Ол жағаға шыққаннан кейін де жақын досы Мәдіхан Азамат Болатбекұлын іздеген. Ауруханада жатқанда да марқұм досының беретін қолынан тастамағаны көпшіліктің жүрегін елжіреткен болатын.