Каспий теңізінде болған қайғылы жағдайдан аман қалған сарбаз Ақжол Темерханның анасы Самал Кеуелова ұлы мен қаза тапқан сарбаз Азаматтың арасындағы достық туралы әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Самал Кеуелованың айтуынша, ауыр жарақат алған Ақжол ауруханаға жеткізілген сәтте де қаза тапқан досының беретін қолынан бір сәтке босатпаған. Ол жедел жәрдем көлігінде де, аурухананың қабылдау бөлімінде де беретті өзінде ұстап отырған.
“Бұл – Азаматтікі. Өзім беремін, бермеймін…” – деп Ақжол досының затын ешкімге бергісі келмеген.
Анасының жазуынша, бұл көрініс медицина қызметкерлерін де бейжай қалдырмаған. Дәрігерлер мен фельдшерлер сол сәтті көзіне жас алып еске түсірген.
“Анализ де ала алмадық. Беретті сипап отырып, бәрімізді жылатты”, – деген медицина қызметкерлері.
Самал Кеуелова ұлының басынан өткен осы бір сәтті шынайы достық пен адалдықтың көрінісі деп бағалады. Оның айтуынша, ол перзенттеріне әрдайым өмір жолында адал дос кездесуін тілеп келген.
Ал Ақжолдың қаза тапқан жолдасының беретін қолынан шығармай, ауруханаға дейін алып келуі ана үшін достықтың сөзбен айтып жеткізу қиын белгісіне айналған.
Ол ұлының қолындағы берет енді жай ғана әскери бас киім емес, екі сарбаздың арасындағы адал достықтың естелігі болып қалғанын жеткізді.
2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы оқиға болды. 14 сарбаз қаза тауып, үшеуі аман қалды.
Оқиға қалай болған?
Маңғыстау облысында әскери қызметшілер теңізде оқу-жаттығу өткізіп жатқан. Сол кезде ауа райы күрт бұзылып, қатты жел соққан.
Салдарынан 17 әскери қызметшіні теңізге ағызып әкеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды.
Ақжол қалай аман қалған?
19 жастағы сарбаз Ақжол Темерхан теңізде досы Азаматпен бірге болған.
Әкесінің айтуынша, Ақжол суға кеткен досын шамамен жарты сағат іздеген. Алайда су жұтып, басы айналған соң жағаға өз күшімен жүзіп шыққан.
Ол ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген. Қолында қаза тапқан досы Азаматтың береті болған. Ақжол оны ешкімге бергісі келмеген.
Оқиғадан кейін не болды?
Қайғылы жағдайға байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды қызметкері күдікті ретінде ұсталды.
27 қыркүйекте Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды.
Соңғы мәлімет бойынша, Ақжол аман қалып, емделгеннен кейін мерзімді әскери қызметін аяқтаған.