Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концерті дүрбелеңге ұласты: көрермендер жарақат алғанын айтты

Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концерті дүрбелеңге ұласты: көрермендер жарақат алғанын айтты
видеодан скриншот

Шымкентте 10 қазанда өткен Қайрат Нұртастың концертіне келген көрермендер кіреберісте болған кептеліске байланысты шағымданды. Әлеуметтік желіде халықтың нөпірі түсірілген видеолар тарап, концертке барғандар бір-бірін итеріп, кейбірі жарақат алғанын жазды, деп хабарлайды ult.kz.

Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, бірқатар көрермен концертке кіре алмай, ұзақ уақыт кезекте тұрған. Есік ашылған кезде халық жаппай алға ұмтылып, адамдар бір-бірін итерген. Салдарынан кейбірі құлап, басқаларының аяғының астында қалғаны айтылады. 

Концертке барғандардың бірі сол сәтте тыныс ала алмай, жерде жатқанын жазды. Оның сөзінше, өзін басқа адамдардың көмегімен шығарып алған. Тағы бір көрермен концерттен мұрын, қол және аяқ жарақаттарымен қайтқанын айтып, оған кім жауапты болатынын сұрады.

Желі қолданушыларының бірі жедел жәрдем көліктеріне бірден бірнеше адамнан тиелгенін мәлімдеді.

«Қайрат Нұртастың концертінде қаншама жарақат, қанша адамның есінен тануы болды. Бірін-бірі таптап, басып кетті. Жедел жәрдем қызметкерлері бір көлікке 7-8 адамнан салып әкетті. Жедел жәрдемге барып, су сұрағандар да көп болды. Біреулері үш күннен бері ауырып жүргенін айтса, енді біреулері цитрамон сұрап жүр», – деп жазды ол.

Сонымен қатар ол жағдайға байланысты Шымкент тұрғындарын тұтас кінәлау дұрыс емес екенін меңзеп, оқиға кезінде адамдардың қауіпсіздігіне жауапты ұйымдастырушылардың әрекетін сынға алды.

Тағы бір көрерменнің сөзінше, кіреберісте адамдардың қозғалысын реттеп, қай бағытқа жүру керегін түсіндіретін мамандар болмаған. Оның пікірінше, дауыс зорайтқыш арқылы ескерту жасалғанда, қысылысқа жол бермеуге болар еді. Сондай-ақ көрермендер концерттің басталу уақыты кешіккенін, билет тексеру тәртібінде де мәселелер болғанын жазды.

Билет алған кейбір адам тіпті концертке кіре алмай қалған.

"Қайрат Нұртастың концертыне кіре алмай қалғандардың қатарында біз де бармыз! 1:30 сағат кезекте тұрып кіре алмай қайттық сыртында адамдар тұр, бірақ концерт басталып кеткен. 40 мың ауаға ұшты, студент едік, жаман көніл қалды", - деп жазды бір көрермен.

Freedom Афиша мәлімдеме жасады

Компанияның мәлімдеуінше, концерттің ұйымдастырушысы – Show Service компаниясы. Freedom Афиша ұйымдастырушы белгілеген квота шеңберінде билет сатқанын және билеттерді тексеру мен білезік беруге еріктілерді жұмылдырғанын айтты.

Ал концерт алаңын дайындау, көрермендерді кіргізуді ұйымдастыру және күзет жұмыстары компанияның жауапкершілік аймағына кірмегенін жеткізді.

Freedom Афиша оқиғаның мән-жайын анықтауға және құқық қорғау органдарына қажетті ақпаратты ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ зардап шеккендер мен оқиға туралы ақпараты бар адамдардан +7 771 936 53 53 нөміріне немесе help@ticketon.kz электронды поштасына хабарласуды сұрады.

Қазіргі уақытта зардап шеккендердің нақты саны туралы ресми мәлімет ұсынылған жоқ.

Концерт барысында бір қыздың жүрегі тоқтап қалғаны айтылды. Бірақ ресми расталған жоқ.