Бішкекте ер адамның шабуылға және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттеріне ұшырағаны туралы арызынан кейін төрт адам ұсталды. Бұл туралы Свердлов аудандық ішкі істер басқармасы хабарлады, деп жазады ult.kz.
Полиция мәліметінше, 9 қазанда құқық қорғау органдарына бір ер адам арызданған. Ол Токтогул көшесінде (Гоголь көшесіне жақын маңда) белгісіз адамдардың өзіне дене жарақатын салып, жыныстық сипаттағы әрекеттер жасағанын мәлімдеген.
Осы дерек бойынша Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 207-бабы — «Қарақшылық» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру шаралары барысында, соның ішінде «Қауіпсіз ел» жобасы аясындағы бейнебақылау камераларының көмегімен милиция қызметкерлері күдікті төрт адамның жеке басын анықтады. Олар — Т. А., Э. А., З. А. және К. А.
Күдіктілер Свердлов аудандық ішкі істер басқармасына жеткізіліп, кейін Қырғыз Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 96-бабына сәйкес Бішкек қалалық ішкі істер бас басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін зардап шеккен азаматтың жақындары Kaktus.media басылымына 9 қазан күні таңғы сағат 05:30 шамасында Токтогул көшесінде, Свердлов аудандық прокуратурасы мен Жазаларды орындау мемлекеттік қызметінің ғимараты маңында 2002 жылы туған шетелдік азаматқа алты-жеті жас жігіттің шабуыл жасағанын хабарлаған еді.
Туыстарының айтуынша, шабуыл жасағандар пышақпен қорқытып, күш қолданатынын айтып сес көрсеткен. Олар ер адамның телефонын, ақшасын және басқа да заттарын тартып алған. Кейін оны ағашқа байлап, жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен.
Зардап шеккен азаматтың жақындары оның милицияға және өз елінің консулдығына арызданғанын да хабарлады.