Белсенді әрі блогер Абзал Достияр Санжар Боқаевтың 10 жылға бас бостандығынан айырылуына қатысты пікір білдіріп, бұл жағдайды қоғам белсенділері үшін үлкен сабақ деп атады. Өз сөзінде белсенді Боқаевтың жасы 40-тан енді асқанын, сондықтан аман болса, бостандыққа шығып, өмірін жалғастыруға мүмкіндігі барын айтты. Сондай-ақ, Достияр сотқа дейін оған шартты жаза тағайындалып, бостандыққа шығуы мүмкін деген болжамы болғанын да жасырмады.
Белсенді бұл істен, әсіресе, белгілі бір топтардың қолшоқпарына айналатын, атақ-абыройына, әлеуметтік желідегі жазылушылары мен танымалдығына сенетін азаматтар ой түюі керектігін атап өтті. Оның пікірінше, қоғамдық қолдау мен танымалдық адамның әрекеті үшін жауапкершіліктен босатпайды.
Сонымен қатар Достияр сот барысында «ҚазТрансГаз» компаниясына қатысты әрекеттер, плитка ұрлау және ағаш кесу оқиғалары бойынша куәгерлердің сөздері жария болғанын атап өтті. Ол сот процесіндегі адвокаттардың әрекеттеріне де сын көзбен қарап, қорғаушылардың қайтарылатынын біле тұр сегіз рет судьяға қарсылық білдіруі мен сот залынан шығып кетуінің мақсатына қатысты күмәнін жеткізді.
Достиярдың пайымдауынша, адвокаттар әлеуметтік желіде шу көтеруге немесе қоғам назарын аударуға емес, ең алдымен кәсіби міндеттерін орындап, сотталушыны заңдық тұрғыдан барынша сауатты қорғауға күш салуы керек еді. Ол адвокаттық жұмыстың басты өлшемі қоғамдық резонанс емес, құқықтық тұрғыдағы кәсібилік болуы тиіс деген пікір білдірді.