Әлеуметтік желіде белгілі әнші Саят Медеуовтің қатысуымен түсірілген видео қызу талқыға түсті. Кадрларды көрген желі қолданушылары өнер иесінің денсаулығына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Аталған бейнежазбаны әнші Бағлан Әбдірайымов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Видеода екі өнер иесі бірге көрінеді.
Желі қолданушылары Саят Медеуовтің сырт келбетіне назар аударып, оның қазіргі жағдайына қатысты түрлі болжамдар айтқан. Көпшілік әншінің амандығын тілеп, денсаулығына алаңдаушылық білдірген.
Айта кетейік, Бағлан Әбдірайымов тегін ән сұрайтын таныстарына назын айтты.
Саят Медеуов кім?
Саят Медеуов – қазақ эстрадасы мен дәстүрлі ән өнерінің белгілі өкілі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.
Өнер иесі 1973 жылы 7 қарашада Жамбыл облысы Қордай ауданының Кенен ауылында дүниеге келген. 2001–2005 жылдары Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде білім алған.
Әнші 1998 жылдан бастап көпшілікке таныла бастады. Оның орындауындағы “Бозторғай”, “Көк шолақ”, “Алтыным”, “Қайран жастық”, “Самал тау”, “Ауылым” және “Әке” әндері тыңдарманға кеңінен танымал.
2015 жылы Саят Медеуовке “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атағы берілді.