Бағлан Әбдірайымов тегін ән сұрайтын таныстарына назын айтты

Бағлан Әбдірайымов тегін ән сұрайтын таныстарына назын айтты
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Танымал әнші, “Жігіттер” тобының мүшесі Бағлан Әбдірайымов өнер адамдарының еңбегін бағалау қажеттігін айтып, тегін ән орындауды сұрайтын таныстарына ренішін білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесінің айтуынша, соңғы уақытта шығармашылық жұмысына қайта белсенді кіріскеннен бері түрлі жиындар мен тойларда тегін ән айтып беруін өтінетін таныстары көбейген.

Әнші бұған дейін достары мен жақындарының қуанышына талай рет ақысыз қатысып, сахнада өнер көрсеткенін жасырмады. Алайда енді шығармашылық еңбегінің лайықты бағаланғанын қалайды.

Бағлан Әбдірайымов бір әнді жарыққа шығару үшін қомақты қаржы жұмсалатынын айтып, көпшілік біле бермейтін шығындарды түсіндірді.

“Бір әннің өзіне 500 мың теңге кетеді. Оның халықтың көңілінен шығатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Кей әншінің шықпай қалған 10-15 әні болады. Есептей беріңіз, қанша миллион теңге шығын. Ал халықтың көңілінен шыққан әнге клип түсіріп, бейнебаянға адам жалдайсың, ротацияға ақша кетеді. Бір әнді халыққа жеткізу үшін 5 миллион теңгеге дейін жұмсалуы мүмкін”, – деді әнші.

Осылайша, өнер иесі сахнадағы бірнеше минуттық әннің артында үлкен еңбек пен қаржылық шығын жатқанын жеткізді. Оның пікірінше, әншінің уақытын, шығармашылығын және еңбегін бағалау маңызды.

Бағлан Әбдірайымов кім?

Бағлан Әбдірайымов – қазақстандық әнші, “Жігіттер” тобының мүшесі, қазақ эстрадасының танымал өкілдерінің бірі.

Ол көпшілікке “Жігіттер” тобының құрамында өнер көрсету арқылы танылды. Ұжым қазақ эстрадасында өзіндік орны бар музыкалық топтардың біріне айналды. Бағлан Әбдірайымов топтағы шығармашылығымен қатар жеке әншілік жолын да дамытып келеді.

Әнші өнердегі қызметінен бөлек, әлеуметтік желілерде отбасылық өмірі, шығармашылық жоспарлары және қоғамдағы түрлі мәселелер жөнінде пікір білдіріп тұрады.

Бағлан Әбдірайымов 1983 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданының Ақсу-Жабағылы елді мекенінде дүниеге келген. Ол 2003 жылы Шымкент қаласында құрылған “Жігіттер” квартетінің алғашқы мүшелерінің бірі. Топ “Ерке қыз” әні арқылы кеңінен танылды.

Әншінің жеке шығармашылығындағы танымал туындыларының бірі – “Бағала” әні. Сонымен қатар ол кітап жазумен де айналысқан. 2020 жылы “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталған.

2025 жылы 7 мамырда Алматыдағы Республика сарайында алғашқы жеке шығармашылық концертін өткізуді жоспарлағаны хабарланды. Бұл кеш оның сахнадағы 22 жылдық өнер жолына арналды.