Орал қаласында 36 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол пышақ жарақаттарынан көз жұмған. Кісі өлтірді деген күдікпен 43 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 7 қазан күні кешке К. Циолковский көшесіндегі үйлердің бірінің маңында болған. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Тұрғындардың айтуынша, екі ер адам бірге ішімдік ішкен. Кейін олардың бірі үйіне қайтып бара жатқанда, екіншісі соңынан барып, оған бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Қаза тапқан 36 жастағы ер адамның артында кішкентай балалары қалды.