Алматыда 37 жастағы полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Іс материалдары сотқа жолдау мәселесін қарау үшін прокуратураға тапсырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу 29 қыркүйекте аяқталған. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі, яғни ауырлататын мән-жайларда адам өлтіру бойынша тергелген.
Ведомство тергеу құпиясына байланысты оқиғаның өзге мән-жайын жария етпеді.
Айта кетейік, Өртенген полицейдің отбасылық құпиясы мәлім болды.
Не жағдай болды?
Еске салайық, қайғылы оқиға 23 маусымда белгілі болған. Алматы облысындағы Көкпек – Көктал – Кеген тасжолының 52-шақырымында малшы өртенген адамның мәйітін тауып алған. Кейін оның Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасында аға жедел уәкіл болып қызмет еткен Аслан Әлсеров екені анықталды.
Тергеу болжамына сәйкес, қылмыс Алматыдағы отбасы тұратын пәтерде жасалған болуы мүмкін. Кейін қылмыстың ізін жасыру мақсатында марқұмның денесі шамамен 300 шақырым қашықтықтағы таулы аймаққа жеткізіліп, өртелген деген нұсқа қарастырылған.
Аталған іске байланысты полиция қызметкерінің әйелі мен 14 жастағы ұлы күдікке ілінген. Бұған дейін жарияланған ақпаратта марқұмның жұбайы бұрын құқық қорғау органдарында қызмет атқарғаны айтылған.