Ақтөбеде қоғамның қызу талқысына түскен жылқышы Рахат Сәрсеновтің жағдайына қатысты шаруа қожалығының иесі Тәжіғали Елеуов тағы да мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Кәсіпкер әлеуметтік желіде тараған пікірлерге жауап беріп, жұмысшысына төленетін 150 мың теңге жалақының себебін түсіндірді.
Тәжіғали Елеуовтің айтуынша, Рахат Сәрсеновтің жеке шаруашылығында 20 ірі қара малы бар. Бұл малдар шаруа қожалығының малына қосылып жайылады. Ал олардың жем-шөбін қожалық қамтамасыз етеді.
«150 мың айлық па деп жатыр. Оның 20 ірі қара малы бар. Олардың жем-шөбі менің мойнымда. 20 малы менің малыммен бірге жайылады. Малшының ақысын да өзім төлеймін. Бұған дейін айлығымызды көтеруді сұраған. Кейін жем-шөптің ақысын өздерің төлеңдер дедім. Олар осы айлыққа өмір сүре беретінін айтты», – деді кәсіпкер.
Айта кетейік, Тәжіғали Елеуов бұған дейін де Рахат Сәрсеновке қатысты жағдайға түсініктеме берген. Оның сөзінше, әлеуметтік желіде тараған ақпараттың бір бөлігі біржақты көрсетіліп, оқиғаның толық мән-жайы ескерілмеген.
Жылқышының еңбек жағдайы, жалақысы мен жұмыс беруші тарапынан жасалған жағдай қоғам арасында қызу талқыланып жатыр.