100 жылқыны жымқырды деп сотқа тартылған Рахат Сәрсенов туралы жақсы жаңалық тарады, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу изоляторынан босап шыққан жылқышының жағдайы нашарлап кеткен еді. Енді ол ем қабылдауға барыпты.
Бұл туралы Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Айта кетейік, 60 жастағы Рахат Сәрсенов — өмірінің 30 жылдан астам уақытын жылқы бағуға арнаған жылқышы. Ол ұзақ жылдар бойы мал шаруашылығында еңбек еткен.
Сәрсенов тергеу изоляторында 60 жасын қарсы алды. Кейін оған қатысты сот процесі аяқталып, жылқышы рақымшылыққа ілігіп, сот залынан босап шыққан.
Рахат Сәрсенов «Тайбұрыл» қожалығында жылқышы болып еңбек еткен. Қожалықтың иесі — Тәжіғали Елеуов. Ашық деректе Сәрсеновтің осы шаруашылықта 1994 жылдан бері жұмыс істегені айтылады.
Рахат Сәрсеновтің оқиғасы қоғам назарын аударып, оның ұзақ жылдар бойы жылқы баққаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде кеңінен тараған.
Тәжіғали Елеуовтің айтуынша, Рахат Сәрсенов оның шаруашылығында ұзақ жыл жылқышы болып жұмыс істеген. Елеуов Рахаттың ішімдікке әуестігі болғанын және бұрын бірнеше жылқы жоғалғанын айтқан, бірақ ол кезде мән бермегенін жеткізген.
Кәсіпкердің сөзінше, кейін ірі көлемде жылқы жоғалып, бұл іске қатысы бар адамдардың бірі малды сатып жатқан жерінен ұсталған. Елеуов сол қылмыстық іс бойынша сот үкімі бар екенін айтып, жоғалған малының өтемін Рахат Сәрсеновтен талап етуін заңды деп санайтынын мәлімдеген.
Сонымен қатар Тәжіғали Елеуов Рахаттың төрт баласын үйлендіруге қаржылай көмектескенін және оның екі туысын түрмеден шығаруға жәрдемдескенін айтқан.