Ақтөбе облысында қоғамда үлкен резонанс тудырған жылқышы Рахат Сәрсеновке қатысты дауға байланысты оның бұрынғы жұмыс берушісі Тәжіғали Елеуов өз көзқарасын жария етті, деп хабарлайды ult.kz.
Тәжіғали Елеуовтің айтуынша, әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат құралдарында айтылған бірқатар мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Ол Рахат Сәрсеновтің бірнеше баласы барын, жылдар бойы өз шаруашылығында жұмыс істегенін айтып, «құлдықта болды» деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.
Сондай-ақ ол Сәрсеновтің жұмыстан ұзақ уақыт арақ ішіп қалып қоятын кездері болғанын, ал инсульт алғаннан кейін ауруханада жатқан кезінде басқа жылқышыға телефон шалып, өзіне тиесілі жылқылардың бір бөлігін айдап кетуді тапсырғанын мәлімдеді.
Елеуовтің сөзінше, аталған оқиғадан кейін 39 бас жылқы айдалып кеткен, оның 13-і сойылып жатқан жерінен полиция анықтап, кінәлілер жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, ол Рахат Сәрсеновтің балаларының тойларын өткізуге көмектескенін, отбасысына қолдау көрсеткенін де айтты.
Сонымен қатар жұмыс беруші жылқышының «14 бастан 1700 басқа дейін жылқы өсірдім» деген мәлімдемесін жоққа шығарып, Сәрсеновтің бірнеше табынның ішіндегі шамамен 360 басқа ғана жауапты болғанын алға тартты. Оның айтуынша, 2019 жылы жоғалған 60 бас жылқы мен кейін жоғалған тағы 40 басқа қатысты мәселелер де шешілмеген.