Отбасы күніне орай ауданның орталық стадионында «100 әже – 100 бесік жыры» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды ult.kz.
Ерекше жиында аудан әкімінің орынбасары Әсел Қаржауова тұрғындарды Отбасы күнімен құттықтап, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді сақтау баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
- Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты - бесік жырының тәрбиелік мәнін насихаттап, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпаққа жеткізу. Жүз әженің бір мезетте бесік жырын орындауы – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы отбасындағы әже тәрбиесінің рөлін арттырып, салт-дәстүрімізді дәріптеуді көздейміз, - деді Әсел Қаржауова.
Келелі жиында халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен тәлім-тәрбиесін дәріптейтін көрініс ұсынылды. Сондай-ақ ақ жаулықты әжелер немерелерін бесікке бөлеп, бір мезетте бесік жырын орындады.
Іс-шараға қатысушы әжелер, бұл ұлттық құндылықтарды насихаттап, отбасы бірлігі мен әже тәрбиесінің жас ұрпақ өміріндегі маңызын көрсеткенденін жеткізді.