Қазақстан қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік деңгейі бойынша 143 ел мен аумақтың арасында 41-орынға тұрақтады. Мұндай мәліметтер World Justice Project (WJP) халықаралық ұйымының 2026 жылғы зерттеуінде жарияланды.
Соңғы төрт жылда Қазақстан осы көрсеткіш бойынша өз позициясын тұрақты түрде жақсартып келеді. 2023 жылы ел 44-орында болса, 2024 жылы 43-орынға, 2025 жылы 42-орынға көтерілді. Ал биыл 41-сатыға жайғасты.
Сарапшылар нені бағалады?
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік көрсеткіші халықтың қылмыстылықтан, терроризм қаупінен, қарулы қақтығыстардан және саяси зорлық-зомбылықтан қорғалу деңгейін қамтиды. Сондай-ақ жеке тұлғалар арасындағы жанжалдарды шешу кезінде зорлық-зомбылықтың қаншалықты жиі қолданылатынына назар аударылады.
Бұл бағытта Қазақстан Франция, Италия, Португалия, Грузия, Түркия және Ресей сияқты бірқатар Еуропа мен Азия елдерінен озып тұр.
Қазақстан жалпы рейтингте нешінші орында?
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік көрсеткіші World Justice Project ұйымының Құқық үстемдігі индексіне кіреді. Бұл индекс сегіз бағыт бойынша бағаланады.
Қауіпсіздіктен бөлек, зерттеу азаматтардың негізгі құқықтарының сақталуын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті, мемлекеттік органдардың ашықтығын, сот жүйесінің жұмысын және заң талаптарының орындалуын бағалайды.
Жалпы рейтингте Қазақстан 143 ел мен аумақтың арасында 67-орынға ие болды.
Зерттеу халық пен тиісті сала мамандары арасында жүргізілген сауалнамаларға негізделген. Бағалау 44 көрсеткіш бойынша қалыптастырылады.
2026 жылғы Құқық үстемдігі индексінің жалпы рейтингінде Дания көш бастады. Одан кейінгі орындарға Норвегия, Финляндия, Швеция және Люксембург жайғасты.