Шыңжаңдағы «Кэюнь» интеллектуалды жабдықтар компаниясы қазақстандық баспасөз өкілдеріне жүргізушісіз жұмыс істейтін қоғамдық көлікті таныстырды, деп хабарлайды ult.kz.
Жүргізушісіз шағын автобус жасанды интеллект, камералар, радарлар және басқа да датчиктердің көмегімен қозғалады. Көлік айналаны 360 градусқа дейін бақылай алады. Осы арқылы жол бағытын өздігінен анықтап, кедергілерді айналып өтіп, аялдамаларда жолаушыларды түсіріп, отырғызады.

Фото: ult.kz
Автобус L4 деңгейіндегі автономды жүргізу технологиясымен жабдықталған. Яғни, қалыпты жағдайда көлікті жүргізуші басқармайды. Дегенмен әр автобуста қауіпсіздік операторы болады. Қажет болған жағдайда ол басқаруға араласа алады.
Көлік толық электр қуатымен жұмыс істейді. Оның ең жоғары жылдамдығы – сағатына 40 шақырым, ал бір рет қуатталғаннан кейін шамамен 200 шақырым жол жүре алады.

Фото: ult.kz
Жүргізушісіз автобустың жұмысын қашықтан бақылайтын арнайы басқару орталығы да бар. Мамандар көліктің қозғалысын бақылап, қажет болған жағдайда қашықтан басқаруға мүмкіндік алады. Мысалы, шаңды дауыл немесе қалың қар сияқты күрделі жағдайларда басқару операторларға беріледі.

Фото: ult.kz
Шыңжаңдағы Чанцзи жоғары технологиялар аймағында мұндай көліктер 2025 жылғы 20 наурыздан бастап қатынай бастады. Алғашқы кезеңде екі автобус іске қосылған.
Қазіргі бағыттың ұзындығы – 9 шақырым. Жол бойында 12 аялдама бар. Автобустар шамамен 5 минут сайын қатынайды. Бір көлікке 6 жолаушы мен 1 қауіпсіздік операторы сыяды.

Фото: ult.kz
Компания мәліметінше, жүргізушісіз автобустар қазір Қытайдың 16 қаласында жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін олар миллионнан астам жолаушы тасымалдаған.
Компания алдағы уақытта мұндай технологияларды көлікпен қатар мәдениет пен туризм салаларында да қолдану мүмкіндігін қарастырып отыр.
Балжан Жеңісқызы